Қылмыстық істер бір тәулік ішінде сотқа жолданды
Шымкент қаласында полиция қызметкерлері әйелдерге қатысты сталкингтің екі дерегінің жолын кесті, деп хабарлайды Almaty.tv. Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Екі жағдайда да күдіктілер жәбірленушілермен бұрын таныс болған.
Алғашқы оқиғада қала тұрғыны полицияға бұрынғы жігітіне қатысты шағыммен жүгінген. Ажырасқаннан кейін ер адам бас тартуды қабылдамай, онымен байланыс орнатуды жалғастырған: хабарламалар жазып, түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, үйіне және жұмыс орнына келіп, әйелді үздіксіз аңдыған әрі тыныштығын бұзған. Әйел адам онымен толықтай қарым-қатынасты үзген, әлеуметтік желілерде бұғаттаған және кездесуден қашқақтағанымен, жағдай өзгермеген. Нәтижесінде күдікті дереу ұсталып, қамауға алынды.
Екінші сталкинг дерегі физикалық күш қолданумен аяқталған. Осыдан кейін жәбірленуші полицияға жүгінген. Аталған факт бойынша сталкинг және дене жарақатын салу баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл күдікті де қамауға алынды.
Қылмыстық істер бір тәулік ішінде сотқа жолданды. Полиция мұндай құқықбұзушылықтардың қолданыстағы заңнама аясында қатаң түрде тоқтатылатынын ескертті.
Оқи отырыңыз: Атырауда мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған баспаналардың сапасы сын көтермейді