Не ақша, не үй жоқ: Бесағаш ауылындағы үлескерлерге мердігер 3 жыл бойы жауап бермеген

Салынбаған үйге 60-қа жуық адамның алғашқы жарна құйғаны белгілі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Не ақша, не үй жоқ». Алматы облысы Бесағаш ауылындағы «Восток» тұрғын үй кешенінің үлескерлері 3 жылдан бері мердігер компаниядан жауап ала алмай жүргенін айтып шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бесағаштағы тұрғын үй кешенінің жағдайын жарты жыл бұрын қозғаған едік. Ол кезде мердігер құрылыстың тоқтағанын мойындап, жақын арада жұмыстың қайта жанданатынын айтып сендірген. Үлескерлердің айтуынша, жағдай өзгермеген. Алғашқы жарнасын төлеп, баспаналы боламыз деген жұрттың күте-күте төзімі таусылған. Олардың бір бөлігі сотқа жүгініп, жеңіп те шығыпты. Бірақ түйін мұнымен тарқамаған.

«2022 жылы пәтер ақысының 20 пайызын құйдық. Бізге 2023 жылдың қыркүйегінде кілт табысталуы керек болған. Нысанда мәселелер туындап, 2024жылы күттік. 2025 келіп, үмітіміз үзілді. Сотқа беріп, оны жеңдік. Сонда да ақшамызға қол жеткізген жоқпыз. Бізге тіпті тұрғын үйді уақытылы аяқтамағаны үшін штраф ретінде өтемақы берілуі тиіс еді, бұл келісімшартта бар. Оны да сұрамаймыз, өз ақшамызда қайтарса болды», – деді Алматы қаласының тұрғыны Ирина Егінбаева.

«Компаниямен 1 жыл бұрын жеке келісімге келіп, ақша қайтару жайлы кепілдік хатын берген. Үйге 4 миллион теңге құйдық. Бірақ сол құжат түкке жарамай қалғандай, ешқандай әрекет жоқ. Біз сотқа жүгініп, жеңдік, бірақ нәтиже жоқ», – деді  Алматы қаласының тұрғыны Айдар Әлімғазы.

Қазір сот шешімімен 8 үлескерге қаржының қайтарылуы жөнінде үкім шықты. Ол шамамен 65 миллион теңге. Жалпы салынбаған үйге 60-қа жуық адамның алғашқы жарна құйғаны белгілі. Компаниядан осы күнге дейін мардымды жауап ала алмаған жұрт, іске сот орындаушыларын кірістірген. Көпшіліктің айтуынша, оларға да мекеме өкілдері түрлі сылтау айтып, жауап қайтарудан жалтарып жүрген көрінеді.

 «Сотқа жүгінген 8 үлескер жеңіп, «Тайм групп» компаниясы ақшаны қайтаруға міндеттелді. Медиативтік келісімге келдік. Бірақ іс созбалаңға салынып, келісімшартта көрсетілген уақыт әлдеқашан өтіп кетті. Жұрттың шыдамы таусылды. Құрылыс компаниясынан еш жауап ала алмағандықтан,бір топ адам жеке сот орындаушыларына жүгіндік. Олардан да әзірге нәтиже болмай тұр», – деді заңгер Нұржан Молдабеков.

Қазір жергілікті биліктің араласуымен нысанның құжаттары қайта қаралып жатыр. Құрылыс компаниясы барлық рұқсат қағаздарын жаңартып, жұмысты жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді. Ал сағызша созылған құрылысты күтіп шаршаған жұртқа компания басшысы қаражаттың кезең-кезеңімен қайтарылатынын айтты. Сөзіне сенсек, әр үлескердің ақшасы кезек бойынша өтелмек.

«Құжаттарды қайта рәсімдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ал мына берешектері бар азаматтармен біздің мойнымыздағы борышымызды, 25 желтоқсанға дейін орындаймыз. Ол қаржыны қайтару үшін қаржылық жоспар жасауымыз керек. Осы жоспарға сәйкес болмағандықтан, басқа жобалардан түскен қаражаттарды «Восток» тұрғын үй кешенінің тұрғындарына қайтарамыз», – деді құрылыс компаниясының директоры Алтай Шарабаев.

Жауапты компания «Восток» тұрғын үй кешенінде жұмыстар әлі де жалғасады деп сендірді. Ал дәл қазір біз нысанның маңына келіп, ешқандай құрылыс жүріп жатпағанына көзіміз жетіп отыр. Егер барлық рұқсат қағаздары қайтарылса, үлескерлерге 3 айдан кейін пәтер кілттері беріледі деп компания басшысы уәде етті.

Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы, Ернат Болатбек, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Қостанайда полицияға жарылғыш зат туралы жалған хабар берген оқушы анықталды

Новости партнеров