Не ақша, не көлік жоқ: темір тұлпарды 3 жылға жалға алған азаматтар шағым айтты

08.08.2025 20:55

Келісімшартқа сәйкес алғашқыда 500 мың құйып, қалған соманы күн сайын компания берген шотқа жіберіп отырған

«Тиімді жолмен көлік аламыз деп алданып қалдық». Алматыда сатып алу құқығымен темір тұлпарды 3 жылға жалға алған 20-дан аса азамат шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық Ербол Сүттібаев сатып алу құқығы бар көлікті биыл қаңтарда рәсімдеген. Келісімшартқа сәйкес алғашқыда 500 мың құйып, қалған соманы күн сайын компания берген шотқа жіберіп отырған. Үш жылдан кейін темір тұлпар атыңызға аударылады дегеннен кейін мамандарға күмән келтірмеген ол үйіне сот орындаушылар келіп, көлікті әкетеміз дегенде төбесінен жай түскендей болыпты.  

«Компанияға хабарластым. «Бере беріңдер, жинап жатырмыз, мәселені шешеміз» деді. Несиеге алғанбыз, не машина жоқ, не ақша жоқ. Ай сайынкредит төлейміз», – деді қала тұрғыны Ербол Сүттібаев.

Ербол Сүттібаевтан бөлек, жекеменшік компанияға алдандық деген тағы жиырмадан астам адам бар. Дені миллиондап ақша құйып, 3 жылға жетпей темір тұлпарды атына рәсімдемек ниетте болған.

«Бұл кісілер 3,5 жылға көлікті берді. Бірақ 1 жылдан кейін, кейбіреуіне 5 ай болғанда, 2 жыл соң, көлікті тексереміз деп жинап алады. 7-10 күнде қайтару керек, қазір 3 ай болды, көлікті ала алмай жүрміз. Ақша төледік, бірақ машина жоқ», – деді қала тұрғыны Алмагүл Мырзақұлова.

«6 миллион теңгені қайтарып беруді сұраймын. Компания өкілдері « президент аппаратына барсаң да, бәрібір, ештеңе қайтармаймын» деп отыр. Маған заң жоқ деп отыр. Төленген ақшамыздың бәрін қайтарып беруін және де бұндай алаяқтыққа шара қолдануын сұраймыз», – деді қала тұрғыны Еркін Бейсеғұлов.

Көпшілік алдап соқты деген компанияның Алматыдағы кеңсесіне келдік. Алайда көріп тұрғандарыңыздай, мекеме есігі тарс жабық. Мәселенің мән-жайын білмек болып, басшылығына да хабарласқан едік. Бірақ халық алдына шығып, сұқбат беруден бас тартты.

Көпшілік жекеменшік компанияның үстінен арыз жазған. Бүгінде іс Әуезов аудандық Полиция басқармасында тергеліп, тексеріліп жатыр.

«Қазіргі таңда арыздың мән-жайын зерделеніп, қылмыстың құрамы анықталатын болса, Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары басталады. Қазіргі таңда қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген барлық тиісті шаралар қолға алынды, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жәбірленушілердің жауаптылар ақшаны қайтарып, жазасын алуын талап етіп отыр.

Диана Тұрлыбек, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Qnet: Қызылордада 301 миллион теңгеден астам мүлік тәркіленіп, жәбірленушілерге қайтарылмақ