Неліктен 40 жастан кейін холестерин мен қант деңгейін бақылау маңызды

17.08.2026 15:35

Қандағы қант деңгейінің ұзақ уақыт бойы жоғары болуы қан тамырларын зақымдап, жүрекке, бүйрекке, көзге және жүйке жүйесіне кері әсер етуі мүмкін

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы

40 жастан кейін адам өзін жақсы сезінсе де, денсаулықтың негізгі көрсеткіштерін тұрақты түрде бақылау маңызды. Холестерин мен қандағы қант деңгейінің жоғары болуы ұзақ уақыт бойы ешқандай белгі бермеуі мүмкін, алайда біртіндеп ауыр аурулардың даму қаупін арттырады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қаласындағы №36 қалалық емхананың дәрігері Қанымгүл Құрбанованың айтуынша, холестерин деңгейінің жоғары болуы атеросклероздық түйіндердің пайда болуына және қан тамырларының тарылуына ықпал етеді. Бұл инфаркт, инсульт және басқа да жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін арттырады.

Қандағы қант деңгейінің ұзақ уақыт бойы жоғары болуы қан тамырларын зақымдап, жүрекке, бүйрекке, көзге және жүйке жүйесіне кері әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ қант диабетінің асқыну қаупін арттырады.

«Қазақстанда ерлер мен әйелдер 40, 42, 44, 46 жастан бастап 76 жасқа дейінгі аралықта жүрек-қан тамырлары аурулары мен қант диабетін ерте анықтауға арналған скринингтен екі жылда бір рет — тиісті жасқа толған жылы өтеді», — дейді дәрігер.

Тексеру барысында липидтік және көмірсу алмасуының көрсеткіштері, соның ішінде ТТЛП, триглицеридтер және гликирленген гемоглобин деңгейі бағаланады. Қажет болған жағдайда қосымша зерттеулер тағайындалады.

Скринингтен тіркелген жері бойынша емханада медициналық қызметкердің шақыруымен немесе өздігінен өтуге болады.

Ең бастысы — шағымдардың пайда болуын күтпеу. Профилактикалық тексеру қауіп факторларын дер кезінде анықтап, денсаулықты сақтауға бағытталған қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз:  Қауіпсіз балалық шақ: Қазақстан өңірлерінде балалардың құқығын қорғау күшейтілді

Толық көрсету