Neo Milk: Алматы облысында ешкі және бие сүтін өңдейтін зауыт ашылды

29.09.2025 16:49

Кәсіпорында балаларға арналған құрғақ сүттен бастап, саумалды капсула түріндегі өнімдерді шығару жолға қойылған

Алматы облысында ешкі және бие сүтін терең өңдеуге маманданған заманауи «Neo Milk» зауыты ашылды. Қарасай ауданындағы Жібек Жолы ауылында орналасқан өндіріс орны 4,5 миллиард теңгеге салынған. Кәсіпорында балаларға арналған құрғақ сүттен бастап, саумалды капсула түріндегі өнімдерді шығару жолға қойылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарасай ауданында ашылған жаңа зауыт 10 гектар аумақта бой көтерген. Мұнда елуге жуық маман еңбек етеді. Өндіріс орны заманауи технологиялармен жабдықталып, үдерістердің басым бөлігі автоматтандырылған. Сондай-ақ кәсіпорынның өзіне тиесілі ешкі және жылқы фермасы бар. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысып, лентасын қиды. Олар жобаның стратегиялық маңызына тоқталып, зауыттың басты ерекшелігі – табиғи әрі халал өнім өндіру екенін айтты.

«100 пайыз таза өнім, ешқандай қоспа қосылмайды. Халықтың денсаулығын жақсаруға үлес қосып жатырмыз деп ойлаймыз», – деді Neo Milk компаниясы директорының орынбасары Шырын Балтабек.

«Мен өнімді ішіп көрдім. Мен ғана емес, анам, туыстарым да, бауырларым да ішіп көргеннен кейін, көзім жетті. Бұл – расында табиғи өнім, нағыз саумал», – деді тележүргізуші Тахир Сұлтан.

Жаңа өндіріс ошағы Германиядан әкелінген заманауи қондырғылармен жабдықталған. Солардың ішінде ерекше мән беріліп отырғаны - «сублимациялық кептіру» әдісі. Бұл технология сүттің табиғи дәмі мен құнарын сақтап, шипалы қасиетін ұзақ уақыт жоғалтпауына жол ашады. Қазірдің өзінде кәсіпорын капсула түріндегі саумал, Goat milk капсулалары, шұбат, құрғақ ешкі сүті сияқты үлкендер мен балаларға арналған 4 сүт өнімін ұсынуда.

«Ешкі сүтін қабылдаймыз. Ол фильтрдан өтіп, салқындатылып, пастеризацияланады. Ішіндегі барлық микроптар жойылып, сүт жинайтын танкіге құйылады. Оның ішіндегі ылғалын кептіріп, құрғақ сүт аламыз. Құрғақ сүтті бүркеу әдіс арқылы кептіріп, ұнтақ сүт аламыз», – деді Neo Milk компаниясы өндіріс бөлімінің басшысы Алмас Нұрғали.

Айта кетейік, Қазақстанда бар-жоғы 26 ғана шаруашылық ешкі сүтін өңдеумен айналысады. Сол себепті «Neo Milk» зауытының іске қосылуы – сала үшін де, Алматы облысы үшін де ерекше маңызға ие қадам. Жаңа өндіріс ошағының өнімдері тек отандық нарыққа емес, Қытай, Ресей және Таяу Шығыс елдеріне де жол тартпақ.

Мәди Мәлік, Хангелді Ахметханов, Алматы облысы