Несиеге алған зат жанып кетті: атыраулықтар үзілген тоқ желісін ауыстыруды талап етіп отыр

06.05.2025 20:06

Ауылдағы ағайын шенеуніктердің сөзіне сенбейді

Суды сатып алып, жарыққа да жарымай күн кешіп жатқан атыраулық азаматтар әкімдікке талап қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ашық-шашық жатқан тоқ желісінің кесірінен Нұрай Табылдының баспанасы өртеніп кете жаздаған. «Өлімнен аман қалдым» деген тұрғынбүкіл тоқ сымдарын қоршап, жалғап қойыпты. Әбден ескіріп, үзілген желілер адам өміріне қауіп төндіріп тұр. 

«Балам телевизор көремін деген соң, тоққа қосып бердім. Телевизор кәдімгідей лапылдап жанып кетті. Үйдің іші көк түтін болған соң, екі баламмен көрші үйге барып отырдым.Тоқ желісін түгел ауыстырып бергенін қалаймыз», – деді Талдыкөл ауылының тұрғыны Нұрай Табылды

Талдыкөлдіктер тіршілік нәрінен де тарығып отыр. Мұндағы жұрт ауыз суды сағаттап алуға мәжбүр. Үлгергендері шелекпен тасиды, ал сусыз қалғандардың дүкеннен сатып алудан басқа амалы жоқ. Бірақ зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін бұл  қалтаға салмақ.  

«Су жоқ, 1 сағат береді, сосын өшіреді. Бөшкелерге толтырып аламыз. Жылыту  пешім күйіп кетті. Көршінің тоңазытқышы теледидары жанып кетті. Несиеге  алынған дүниені пайдалана алмадық», – деді Талдыкөл ауылының тұрғыны Абзал Қуандық.

Ақжағалылар «тұрғын үй азаматтардың меншігінде болғандықтан, бәрі заң аясында шешіледі» деп отыр. Ал тозығы жеткен тоқты демеушілерді тарту арқылы жасап беруге уәде берді. 

«Әр тұрғынның техникалық паспорты, құжаты бар, жеке тұрғын үйі. Дәлізі, жертөлеге тұрғындар өздері жауапты. Подьездегі тоқ желісін ауыстырамыз. Кәріз желісін жүргізіп береміз. Демеуші табылса, 2-3 айдың ішінде жұмысты аяқтау жоспарда бар», – деді Махамбет аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Асылхан Шакимов.

Өкініштісі ауылдағы ағайын шенеуніктердің сөзіне сенбейді. Көпшілік мәселенің түбегейлі шешілуін талап еттіп отыр.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Шомылу маусымы: Түркістан облысында 21 адам суға батып кетті