Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді

01.07.2026 00:03

1 шілдеде Қазақстанда 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. 1995 жылғы 30 тамыздан бастап қолданыста болған Негізгі заң өз күшін жойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұрынғы қос палаталы парламенттің орнына Құрылтай келеді — енді ол заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді орган болып табылады.

Жаңа орган туралы негізгі деректер:

  • Құрамы: Партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутат.
  • Өкілеттік мерзімі: 5 жыл.
  • Басшылық: Құрылтайды төраға басқарады. Ол мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттардың арасынан жасырын дауыс беру арқылы, көпшілік дауыспен сайланады.

Президент бұған дейін жариялағандай, Құрылтай депутаттарының сайлауы тамыз айында өтеді. Дауыс берудің нақты күні әлі белгіленген жоқ.

Қыркүйек айында елде Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік-кеңесші орган — Қазақстан Халық Кеңесі құрылады.

Жаңа құрылым Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) мен Ұлттық құрылтайдың орнын басады. Орган өзіне мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылық алаңдардың және азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдерін біріктіреді.

Қазақстанда вице-президент институты құрылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ол Құрылтаймен, үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде президенттің атынан өкілдік етеді.

Реформа мерекелік күндер күнтізбесіне де әсер етті:

  • 2027 жылдан бастап Қазақстанда Конституция күні жыл сайын 15 наурызда (референдум өткен күні) атап өтіледі.
  • Бұрынғы күн — 30 тамыз — ағымдағы жылдан бастап жұмыс күні болады, бұл туралы бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлаған болатын.