Нүкте мен сызық: Алматыда ерекше көрме ашылды

26.05.2025 21:40

Бұл - инклюзивті өнердің мүмкіндігін көрсеткен тың жоба

Алматыда «Нүкте мен сызық» атты ерекше көрме ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Экспозицияға танымал заманауи суретші, «Қызыл трактор» арт-тобының мүшесі Арыстанбек Шалбаев пен оның шәкірті Айша Бақтығұлованың еңбектері қойылды. Бір жыл ішінде олар 60-тан аса туынды салып, 16 суретті көпшілік назарына ұсынды.

Айшаның жұмыстарын жүрекпен жазылған деп айтуға болады. Ешқандай композиция немесе концептуалды заманауи деген дүние жоқ. Өзінің ішкі дүниесін қағазға майлы бояумен, қаламмен, фломастермен салып көрсеткен», – деді суретші Арыстанбек Шалбаев.

Айта кетейік, Айша – ерекше қажеттілігі бар жас суретші. Биыл ол 20 жасқа толады. Жоба аясында оның көркемдік көзқарасы кәсіби шебердің әдіс-тәсілдерімен үйлесіп, тың нәтижелерге жол ашқан. Арыстанбек Шалбаев шәкіртінің шығармашылық еркіндігі өзіне де шабыт бергенін айтты. «Нүкте мен сызық» көрмесі – инклюзивті өнердің мүмкіндігін көрсеткен тың жоба.

 «Меніңше, барлық бала кішкентайынан сурет салуға құмар болады. Айша да бала кезінен-ақ сурет сала бастады. Бірақ бұл іспен шындап айналысуына карантин кезеңі түрткі болды. Үйден шықпай отырған уақытта, қолына ақ парақ пен қарындаш алып, үнемі сурет салып жүретін. Сол күнделікті әуестігі бірте-бірте үлкен шығармашылыққа айналды», – деді А. Бақтығұлованың анасы Әлия Сандыбай.

Оқи отырыңыз: AI MediaLab: елімізде алғашқы жасанды интеллект медиа зертханасы ашылды