Шерхан Аймаханның қамауда отырмағанын полиция да растады
Шымкентте елді дүр сілкіндірген Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тың дерек пайда болды. Марқұмның ағасы күдіктінің жазадан жалтаруы мүмкін деп дабыл қағып отыр. Жас қыздың қазасына кінәлі деп күдікке ілінген азамат шынымен жауаптан жалтара ма? Жәбірленушілер неліктен алаңдап отыр? Полиция бұған қалай жауап берді? Almaty.tv тілшісі мәселенің мән-жайын анықтады.
Нұрай Серікбайды өлтірді деп күдікке ілінген азамат қазір Шымкент қаласындағы изоляторда емес, Талғардағы психикалық емдеу орталығында жатыр. Бұл туралы марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай мәлімдеді. Ол күдіктінің ақыл-есі кем деген анықтама жасап, түрмеден сытылып кетуі мүмкін деп алаңдауда.
«Біріншісі Шымкентте қаралған, психикалық ауытқуы бар деп жазылған. Біз оған сенбей, Алматыға сараптамаға жібердік. Ол жақта да осындай анықтама берілді. Қазір мұнда симуляцияның максималды белгілері байқалып тұр, өйткені қылмыскер кәдімгі ортада өмір сүріп жүрген сау адам. Қазіргі уақытта күдікті Шымкент қаласында емес, Талғардағы психикалық емдеу орталығында», — деді марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай.
Күдіктінің қамауда отырмағанын полиция да растады. Құзырлы органдар Шерхан Аймаханның мәжбүрлі емдеуге жіберілгенін хабарлады. Ем-дом аяқталғаннан кейін 28 жастағы ер адам қайтадан тергеу изоляторына қамалады.
«Күдіктіге қатысты тергеу «Адам өлтіру», «Некеге тұруға мәжбүрлеу» және «Сталкинг» баптары бойынша жалғасып жатыр. Тергеу барысы бақылауда. Екі рет жүргізілген сот-психиатриялық сараптама нәтижесінде психикалық бұзылыстар анықталды. Осыған байланысты күдікті мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілді», — делінген Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Жәбірленуші тараптың адвокаты тергеудің созылып кеткенін айтты. Оның сөзінше, күдіктінің кей сараптамаларының қорытындысы әлі күнге дейін жарияланбаған.
«Тергеу құпиясына сәйкес толық мәлімет жариялай алмаймын. Бірақ бір айтарым, тергеу үшінші айға созылып отыр. Белгілі себептер бар: тиісті сараптамалар тағайындалған. Күдіктінің мінез-құлқы, сот пен тергеуде жауап бере алуы, өзінің іс-әрекетін түсіну қабілеті анықталуда. Толық нәтижесі әлі белгілі емес», — деді жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров.
Еске салсақ, қанды қылмыс 11 қаңтарда Шымкенттің орталығында орын алған. Кешқұрым 21 жастағы бойжеткенді ер адам қуалап жүріп, бірнеше мәрте пышақ сұғып өлтірген. Күдіктінің жас қызды көзі тіріснде алып қашып, ізінен қалмағаны да анықталған.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Атырау мұнай өңдеу зауытына 520 млн теңге айыппұл салынды