Нұрайдың өлімі: Шерхан Аймахан өмір бойы бас бостандығынан айырылды

13.08.2026 20:35

21 жастағы Нұрай Серікбайды айуандықпен өлтірген Шерхан Аймаханға ең қатаң жаза тағайындалды. Енді қандықол қылмыскер өмірінің соңына дейін темір торда отыратын болды. Алайда сотталушы тарап бұл үкіммен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қылмыстық кодекстің 3 түрлі бабымен айып тағылған Шерхан Аймахан енді өмірінің қалған күндерін темір тордың ар жағында өткізеді. Сот оны қатаң режимдегі түзеу мекемесіне жіберді. Бұдан бөлек, сотталушы марқұмның жақындарына 25 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

«Шерхан Аймахан ҚК 125 прим 1-бабының 1-бөлігінде, 115 прим 1-бабының, 99-бабының 2-бөлігі, 5-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық белгілерімен кінәлі деп танылсын. Аймаханға түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді судья Саммидин Темірәлиев.

Алайда бұл үкіммен сотталушы тарап мүлдем келіспеді. Олар апелляциялық шағым түсіретіндерін де жеткізді.

«125-1 бабымен келіспейміз. Өйткені ол жерде некеге тұруға мәжбүрлеу фактісі орын алмаған. 115-1 бап бойынша 5 қазаннан кейін қарым-қатынасты жандандыруға тырысқан. Қандай ауыр қылмыс болсын, Қылмыстық кодекстің тиісті баптарымен әділ жаза тағайындалуы қажет деп есептеймін», – деді Ш. Аймаханның адвокаты Есболат Құрманбай.

Ал жәбірленуші тарап сот әділ шешім шығарды деп есептейді. Десе де, аталған үкім Нұрайдың анасын жұбата алмады. Перзентінен айырылған ана көз жасын тыя алмай, Шерхан Аймаханға кесілген жаза тым жеңіл екенін айтты.

«Осы үкімге ризамын. Себебі бұдан басқа ату жазасы жоқ. Бірақ ол өмір бақи шықпау керек. Бұдан басқа жаза жоқ. Бірақ ол бұл жазаға лайық емес, себебі ол өмір сүреді», – деді марқұмның анасы Айгүл Сағымбекова.

Еске салайық, Шерхан Аймахан «Сталкинг», «Алып қашу» және «Аса қатігездікпен адам өлтіру» баптары бойынша айыпталған. Ол 11 қаңтар күні Шымкенттің қақ ортасында 21 жастағы Нұрай Серікбайды 35 рет пышақтап өлтірген.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Археолог тапшылығы: Елімізде көне жәдігерлерді зерттейтін мамандар неге азайып барады

Толық көрсету