Нұрғиса Тілендиев-100: Өтеген Батыр ауылында тұлғаның ескерткіші бой көтерді

06.10.2025 20:01

Ғасырлық мерейтойға орай бой көтерген ескерткіш қоладан құйылған

Атақты композитор, дирижер, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы Өтеген Батыр ауылында тойланды. Елдімекенде ұлы тұлғаның ескерткіші бой көтеріп, жаңа мәдениет үйі ашылды. Салтанатты іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі, Алматы облысының әкімі мен қоғам белсенділері және жергілікті жұртшылық қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ғасырлық мерейтойға орай бой көтерген ескерткіш қоладан құйылған. Оның жалпы биіктігі – 4 метрден асады. Еңселі мүсін – ұлттың ұлы перзентіне деген шексіз құрмет пен сағыныштың тасқа бедерленген бейнесі. Бұл ойды салтанатты іс-шараға жиналған көпшіл қауым да қостайды.

Атап өтер жайт, жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз алып, Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді.  

«Нұрғиса Тілендиев өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Еліміздің мәдени мұрасын жаңғыртуға, қазақтың ән-күйін жер жүзіне танытуға зор еңбек сіңірді. «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалап, ұлтымыздың рухани дүниетанымын байыта түсті», – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Ал жаңадан ашылған 3 қабатты мәдениет үйі – 400 адамға шақталған. Бұл күні іс-шараға келгендер көрме бөлмелерін аралап шықты. Ал Нұрғиса тойы концерттік бағдарламамен түйінделді. Ұлы композитордың өшпес мұрасы – ұлт жадында жаңғырып, жүректерде жаңаша үн қатты.

«Балалармен тығыз жұмыс істейміз. Мектеп ошақтарымен, балабақшадан бастап, зейнеткер жастағы тұрғындармен қатар жұмыс істейміз. Сондықтан би, домбыра, вокал, дәстүрлі ән, жыр-терме, айтыс, драма үйірмелері, оның сыртында зейнет жастағы ардагер ата-апаларымызды қамтып, ансамбльдер құрдық», – деді Мәдениет үйінің директоры Қарлығаш Ахметбаева.

Атап өтер жайт, мерейтойға арналған іс-шаралар легі елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де жалғасып жатыр.

Аяулым Көлжігіт, Рүстем Айткәрім, Аида Иманәлі, Хангелді Ахметхан, Алматы облысы