Нұрғиса Тілендиев-100: Жамбыл ауылында дүбірлі той бәйгеге ұласты

06.10.2025 21:03

Мәдени-рухани іс-шара жыр алыбы Жамбыл атындағы мұражайда басталды

Дәулескер күйшінің мерейтойы Алматы облысы Жамбыл ауылында да бар сән-салтанытымен аталып өтті. Мәдени-рухани іс-шара жыр алыбы Жамбыл атындағы мұражайда басталды. Жиналған көпшілік ескерткішке гүл қойып, ұлы тұлғалардың рухына тағзым етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Халық композиторына құрмет көрсетіліп, рухына құран бағышталғаннан соң, іс-шараға келгендер «Көкбастау» атшабарына аттанды. Бәйге алаңында бағдарламаның негізгі бөлімі өтті. Құттықтау сөз айтылды. Ал Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрі «Ата толғау» күйімен концерттің шымылдығын түрді. 

«Жүз жылдыққа көптен бері дайындалдық. Бұл – отбасымыз үшін ғана емес, бүкіл қазақ елі үшін үлкен той. Нұрғиса Тілендиевті білмейтін қазақ жоқ. Кішкентайдан бастап, үлкенге дейін әндерін сүйіп тыңдайды. Айтып жүреді», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева.

Қасиет қонған құт мекенде күй күмбірлеп, ән әуеледі. Сахнада көпке белгілі «Көш керуен», «Сарыжайлау», «Махамбет» пен «Өз елім» туындылары да орындалды. Ал кейін эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Балуандар боз кілемде белдесіп, дүбірлі той бәйгеге ұласты.    

«Өнерге, халыққа, болашақ ұрпаққа таусылмас қор, тәлім, тәрбие, жарты миллионнан астам еңбек қалдырған ұлы тұлға – Нұрғиса ағамыз деп білеміз», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев.

Құнан бәйгеде – Жамбыл облысының Бойтұмар, топ бәйгеде – Абай өңірінен келген Қалқаман және аламан бәйгеде – Жетісудың Жұмыртұяқ есімді жүйрігі топ жарды. Жеңісті жұлып алған шабандоздарға автокөлік берілді. Өзгелеріне қомақты қаражат үлестірілді. Думанға толы бұл күн – қазақ музыкасының мәңгілік үні мен ұлт болмысының биік рухын тоғыстырған ұлы мереке ретінде жұрт жадында қалды.

Рүстем Айткәрім, Жақсылық Тілепберген, Алматы облысы