Айыпталушы Равиль Сакиевтің айтуынша, Шынасыл Абзал жанындағыларға біреуге пышақ сұғып алғанын айтып мойындаған
«Нұрқанатты ұрам деп, шатасып, Шерзатқа қол жұмсадым». Жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша айыпталушы Шыңғыс Белғожаев солай деді. Күдіктілер бүгін де сот алдында түсінік беріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таңертең алдымен, Тоқтаубаев Азаматтан жауап алынды. Осыған дейін 4 мәрте істі болған жігіт оқиға болған түні үй қамақта отыруы тиіс екенін айтып, аталған жағдайға өкінетінін жеткізді.
Бүгінгі сот отырысында кәмелетке толмаған Думан Ысқақтан жауап алынды. 2007 жылы туған ол Қылмыстық кодекстің 434-бабы, яғни, қылмысты жасыру бойынша айыпталып отыр. Ол өз сөзінде Шынасыл Абзалдың пышақ сүртіп отырғанын көріп, көлікте мылтықтың болғанын айтты. Тағы бір айыпталушы Дидар Қалиахмет процесске дайын емес екенін жеткізіп, жауап беруден бар тартқан. Одан соң сот алдында Нұрқияс Ілиясов түсінік берді. Айтуынша, мән-жайды анықтамақ болған оған бірінші Шерзат жұдырық жұмсапты-мыс. Сол сәтте Қаржаубай Нұрымов дүкеннен пышақ алып шығып, мылтықтың да даусы естілген.
Түстен кейін айыпталушы Шыңғыс Белғожаев жауап берді. «Қолына пышақ ұстаған Қаржаубай Нұрымовты көргеннен кейін мен де көлікте жатқан бәкімді алып шығуға мәжбүр болдым» деп ақталды. Сондай-ақ ол мылтық кезеген Нұрқанатты ұрам деп, шатасып, Шерзатқа қол жұмсаған көрінеді. Бірнеше мәрте теуіп, бір-екі рет ұрып жібергенін де нақтылады.
« – Оқиға болған жер жарық болды ма?
– Жоқ, жарық болған жоқ.
– Біз бейнежазбадан бақылап тұрғандай, оқиға болған жердің төбесінде прожектор жанып тұр. Адам бейнесін ажыратуға болады. Сіз қалайша ажырата алмадыңыз?
– Ажырата алмадым», – деді айыпталушы Шыңғыс Белғожаев.
Сондай-ақ жәбірленуші тараптың қорғаушысы өтініш-хатын оқыды. Онда Нұрқияс Ілиясовтың адвокатын тегін аудармашы қызметімен қамтамасыз етуді тоқтатуды сұрады. Алайда сот бұл өтініш-хатты қанағаттандырмады. Айыпталушы Равиль Сакиев оқиғаны өз нұсқасында баяндап берді. Оның айтуынша, қайғылы жайт болғаннан кейін Шынасыл Абзал жанындағыларға біреуге пышақ сұғып алғанын айтып мойындаған. Ал Нұрқанат Ғайыпбаев беттестіру кезінде өзіне Шыңғыс Белғожаевтың суық қару сілтегенін айтып кетіпті. Алайда сотталушы оны жоққа шығарып, мән-жайды толық жеткізгенін тілге тиек етті.
Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек
Азамат Тоқтаубаев өтірік айғақ бергенін мойындағанын еске салайық.