Премьер-министр білім беру мен денсаулық сақтаудағы жүйелі мәселелерді, оның ішінде цифрландыру және шығыстардың ашықтығын арттыру арқылы шешу міндеттерін қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кадр даярлау, медициналық ақпараттық жүйені цифрландыру, үй шаруашылықтарының цифрлық профильдерін қалыптастыруға, сондай-ақ «Әлеуметтік әмиян» жүйесіне әлеуметтік көмектің түрлі нысандарын біріктіруге ерекше назар аударылды:
- Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері Қаржы министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде білім берудің барлық деңгейінде бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру жөнінде Үкіметке ұсыныстар енгізу қажет.
- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктерімен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, 1 сәуірге қарай Кәсіптерді трансформациялаудың ұлттық орталығын құру керек.
- Денсаулық сақтау, Жасанды интеллект және Қаржы министрліктері биылғы 1 сәуірге дейін Медициналық деректердің бірыңғай қоймасын енгізуді аяқтасын. Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйесін әзірлеу бойынша тапсырма берілді.
- Қаржы министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін цифрландыру қажет.
- Еңбек министрлігі осы жылдың 1 наурызына дейін Отбасының цифрлық картасын қолдана отырып, үй шаруашылықтары үшін цифрлық әлеуметтік профильдер қалыптастыру, сондай-ақ Бірыңғай цифрлық платформа арқылы әлеуметтік қолдау шараларын қамтамасыз етуі тиіс.
- Жасанды интеллект министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жыл соңына дейін әлеуметтік қолдаудың түрлі нысандарын «Әлеуметтік әмиян» жүйесіне интеграциялануын қамтамасыз етсін.
«Көріп отырғанымыздай, алдымызда тұрған мақсат-міндеттердің ауқымы өте үлкен. Мемлекет басшысы атап өткендей ойланып-толғануға уақыт жоқ. Батыл, тиімді шешім қабылдап, оны жедел жүзеге асыру қажет.Тағы да қайталап айтамын, халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыру – атқарылатын жұмыстың нақты нәтижесі болуға тиіс. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Президент тапсырмаларының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі керек», – деді Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов: Халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыруға басымдық беру – басты міндет