Алматы және Павлодар облыстарында оқушылардың орын тапшылығы мен үш ауысымды оқыту мәселелерін шешуді қоса алғанда, инфрақұрылымды жаңа оқу жылына дайындау жұмыстары аяқталуда. Бұл туралы Үкімет отырысында өңірлердің әкімдері баяндады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Марат Сұлтанғазиевтің мәліметінше, Алматы облысында жоспарланған 12 мектептің 10-ы жөнделді, жаңа нысандарды іске қосу есебінен үш ауысымды мекемелердің саны 52-ден 23-ке дейін қысқарды. Ыстық тамаққа 185 мың оқушыға 17 млрд теңге, жекелеген санатындағы 63 мың баланы қолдауға – 3,2 млрд теңге бөлінді.
«2026–2027 оқу жылында 1758 білім беру ұйымы қызмет көрсетеді. Оның ішінде, жалпы білім беретін 502 мектепте 385 мыңға жуық баланы оқыту жоспарлануда. Бірінші сыныпқа 32 527 оқушы қабылданды. Биыл білім саласын қаржыландыруға 458,0 млрд теңге бөлінді», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Павлодар облысында апатты мектептер мәселесі толығымен шешілді, 1 қыркүйекке қарай 220 орындық 2 ауылдық мектеп іске қосылады, ал қазан айында Павлодарда 1,2 мың орындық мектеп тапсырылады. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100%-ға жетті, колледждерде мемлекеттік тапсырыс 6,3 мың орынға дейін жеткізілді.
«Жаңа оқу жылында облыстың барлық 844 білім беру ұйымдарында қауіпсіз әрі жайлы жағдай толығымен жасалды. Өңіріміздің 362 мектебінде 116 мыңнан астам оқушы білім алатын болады. Сонымен қатар биыл 10 850 оқушы бірінші сыныпқа барады. Барлық мектептер қажетті оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етілді. Облыстағы орта білім беру ұйымдарының 100 пайызы интернетпен және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталды», — деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.