Оқу-ағарту министрі мұғалімдерді Ұстаздар күнімен құттықтады

05.10.2025 14:22

Жұлдыз Сүлейменова мұғалімнің ел болашағының іргетасын қалаушы ретінде маңызды рөл атқаратынын айтты

ҚР Оқу-ағарту министрлігі

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қазақстандық мұғалімдерді Ұстаздар күнімен құттықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Ағартушы-педагог Ы. Алтынсариннің «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзі мұғалімнің ел болашағының іргетасын қалаушы ретінде маңызды рөлін дәлелдей түседі. Біздің міндет – білімді, адал, жаһандық бәсекеге қабілетті, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу арқылы ел болашағының сенімді әрі сапалы негізін қалау», - деп атап өтті ведомство басшысы өз құттықтауында.

Министрдің айтуынша, мұғалімнің жай ғана мамандық иесі емес, қоғамның озық тұлғасы ретінде беделін биіктеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұстазды қоғамның басты кейіпкері ету - мемлекеттік саясаттың басым бағыты деп айқындаған болатын.

«Мемлекет басшысы мұғалімдердің құқықтық мәртебесін одан әрі нығайтуды тапсырып, бірнеше міндеттер жүктеді. Осыған байланысты біз Парламент Мәжілісімен бірге заңнамалық өзгерістерді жүзеге асыратын боламыз және осы жолы да ұстаздар қоғамдастығымен міндетті түрде ақылдасатындығымызды да атап өткім келеді», - деді Ж. Сүлейменова.

Ол балаларға сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие беру де педагогикалық қауымдастыққа жүктелген аса маңызды міндет екенін, оған мемлекет пен мектеппен қатар, ата-аналардың да атсалысуы өзекті екенін атап өтті.

«Құрметті ұстаздар! Баршаңызға келіп жеткен ұстаздар мерекесі құтты болсын! Өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өнегелі еңбектеріңіз жемісті болсын!» - деді ол.

Оқи отырыңыз: Бүгін – Мұғалімдер күні: ұстаздар еңбегі мен мәртебесіне құрмет