Үкімет басшысы балалардың демалысын жақсы өткізу үшін бірқатар міндет жүктеді
1-қыркүйектен бастап студенттердің стипендиясы өседі. Бакалавриат үшін шәкіртақы 52 372 теңге болса, магистратурада 117 098. Ал докторанттар ай-сайын 262 500 теңге алмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім вице-министрі мәлімдеді. Ал Денсаулық сақтау министрі мектеп асханаларында бақылауды күшейтпек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үкіметте есеп берген министрлер бірқатар жаңалықтың шетін шығарды. Бас дәрігер Ақмарал Әлназарованың айтуынша, оқушылар тісін мектептен шықпай-ақ емдей алады. Ел бойынша мыңнан астам оқушысы бар білім ордаларында 146 стамотологиялық кабинет жұмыс істеп тұрса, жыл соңына дейін тағы 195-і ашылады. Ақмарал Әлназарова мен Ғани Бейсембаевтың мектеп ішінен тіс емдейтін кабинет ашуы бекер емес. Өйткені оқушылар арасында тістен бөлек, ас қорыту, көз және тыныс алу ағзаларының ауруы жиілеп кеткен. Десе де, қос министрдің бұйрығын әлі күнге толық орындамай отырған облыстар бар екен.
«Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан облысы, Қарағанды, Қостанай, Түркістан облыстарындағы медициналық пунктердің материалдық-техникалық базасы төмендігі байқалады. Осыған байланысты облыс әкімдеріне стоматологиялық кабинеттерді уақытылы ұйымдастыру және медпунктер қосымша жабдықтау бойынша жұмыстарды жүргізуді сұраймын», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова
Тағы бір жаңашылдық, Денсаулық сақтау министрлігі 1 қыркүйектен бастап мектептерде тамақтанудың жаңа стандартын енгізіп, ас құрамынан қантты 3,6 есеге, тұзды 5 есеге дейін азайтпақ. Бұл оқушылар арасында семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары сияқты аурудың көбеймеуі үшін қолға алынып отыр. Отырыста оқушылардың жазғы демалысы туралы да есеп берілді. Министр Ғани Бейсембаевтың айтуынша, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен биыл 10 мың бала тегін демалады. Олардың ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан және ауылдық жерлердегі көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға басымдық берілмек.
«Еліміздің 10 мыңнан аса демалыс орнында 3 миллион 200 мың бала жазғы каникулын өткізеді. Оның 15 мыңнан астамы – жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 186 мың бала – қала маңындағы, 2 миллион 800 мың бала – мектеп жанындағы, 160 мың бала – шатырлы және киіз үй демалыс орындарында демалады», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Айтпақшы, ел азаматтарына 14 жастан бастап жұмыс істеуге рұқсат берілгені белгілі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің дерегінше, бүгінгі таңда 24 мыңнан астам оқушы сауда, қонақүй, тамақтану саласында маңдай терін төгіп жүр. Светлана Жақыпова оқушыларды жұмыспен қамтамасыз етуді жалғастыра бермек.
«Еңбек.кз электрондық еңбек биржасы платформасында «менің жазғы демалысым» атты арнай бөлім іске қосылады. Бұл бөлім оқушылар мен студенттерге 14 жастан бастап платформаға тіркелуге, жеке кабинетін құруға, түйіндеме орналастыруға және бос жұмыс орындарын іздеуге мүмкіндік береді. 16 жасқа дейінгі балалар үшін тіркеу және жеке кабинет құру заңды өкілдері, ата-аналары немесе қамқоршылары арқылы жүзеге асырылады», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова
Премьер-министр Олжас Бектенов те оқушылардың еңбекке ден қойғанын қолдайды. Сондықтан жазғы уақытта олар уақытша жұмыспен қамтылып, құқықтары сақталсын деп Светлана Жақыповаға тапсырма берді. Өзге де министрлерді мұқият тыңдаған Үкімет басшысы балалардың демалысын жақсы өткізу үшін бірқатар міндет жүктеді.
«Ата-аналарға айтарым, мектеп бітіру кештерінде, ең бастысы жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмаған жөн. Осыған баса көңіл бөлуді сұраймын. Ешқандай министрлік ата-ана қамқорлығы мен тәрбиесін алмастыра алмайды», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Бүгін Үкімет басшысы Ішкі істер, Туризм, Мәдениет, Төтенше жағдай министрліктерінің де баяндамасын тыңдады. Министр Ерлан Сәденов балалар лагерін террористік тұрғыдан осал объектілер тізіміне қосуды ұсынса, Туризм вице-министрі жазда балалар спортын дамытпақ. амыз дейді. Ал, мәдениет министрлігі 11 республикалық театрдың оқушыларға 45-тен астам қойылым ұсынатынын жеткізді. Министр Шыңғыс Әрінов болса, қайғылы оқиға болмас үшін көпқабатты үйлердің терезесін дрон арқылы бақылап, әкімдіктермен бірге балаларға суда жүзуді үйретпек.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана