Үкіметте жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары қаралды

Премьер-министр профилактикалық жұмысты күшейту және қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау қажеттігіне назар аударды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда жылыту маусымы басталғалы екі күннің бірінде өрт оқиғасы тіркеледі. Қызыл жалынның алдын алуға бірнеше өңір салғырт қарап отырған көрінеді.  Жетісу, Ақмола, Ақтөбе облыстарында қауіпсіздік жағдайы көңіл көншітпей тұр. Үкімет отырысында Олжас Бектенов аталған аймақ әкімдеріне ескерту жасады. Жоспарлы жұмысты ойдағыдай орындай алмағандарды сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жылыту маусымы 1,5 ай бұрын басталды. Аз уақыт болса да, елде тіркелген өрт дерегі өскен. Тұрғын үй секторын екі күннің бірінде тілсіз жау шарпып жататын көрінеді. Сала министрі «көмір тасып, от жағып отырған ағайын қарапайым қауіпсіздік талаптарын ескере бермейді» деп қапаланды. Шыңғыс Әріновтің сөзіне сенсек, 30 күнде 130-дан астам жағдай тіркелген. Салдарынан иіс тиіп уланған оқиғалар да жиілеген. Өкініштісі, қызыл жалын құрсауында қалып, құрбан болғандар да бар.

"Статистикаға сүйенсек, жылыту жүйелерінің істен шығуы өрт және өрттен адам өлімі себеп болады.  Пеш құрылымындағы ақау халықтың әлеуметтік осал санатындағы үйлерде көп кездеседі. Осы санаттағы балалар көп жағдайда  қараусыз қалады. Балалардың топтық өлімі осындан орын алады. Осындай оқиға 11 қазанда Жетіқарада болды", – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.

Жиында Премьер-министр бірнеше өңір әкімдіктерінің жұмысына төмен баға берді. Үкімет басшысының айтуынша, бұл аймақтарда қауіпсіздік шаралары тиісті деңгейде атқарылып жатқан жоқ. Тұрғындарды қауіп кезінде құлақтандыратын құрылғыны орнату жұмысы ақсап тұрғанын жеткізді. Көрсеткіш бар болғаны 14 пайыз екен.

"Оқыс жағдайларды барынша азайтпаса болмайды. Жылу беру кезінде өрттердің 50 пайызға жуығы пештер мен мұржалардағы ақаулардың кесірінен болады. Алайда өрттің негізгі шығу себебі, жылыту пештер мен қазандықтарды  пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін өрескел бұзу болып отыр. ТЖМ осыған баса назар аударуы тиіс. Тек ұсыныс берумен шектелуге болмайды", – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Жеке сектордағы өрт пен уланудың жағдайы да ақсап тұр. Үкімет басшысы жиында сала жауаптыларына бірқатар міндет жүктеді. Алдымен қауіпсіздік мәселесі. Әкімдер төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторында жаппай өрт қауіпсіздігі айлығын ұйымдастыруы керек. Тек жадынама жазылған парақшаны таратып қана қоймай, азаматтармен жұмыс жүргізу керек екенін айтты. Халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне улы газ датчиктері тегін орнатып беруді тапсырды.

Оқи отырыңыз: ҰҚК бірнеше өңірде діни экстремистерді ұстау бойынша операция жүргізді

Новости партнеров