Тамыздың соңғы жексенбісінде шахтерлер кәсіби мерекесін атап өтеді
Тамыздың соңғы жексенбісінде шахтерлер кәсіби мерекесін атап өтеді. Жер астына түсіп, кен қазу – қауіп-қатерге толы, қиын кәсіп. Осындай күрделі салада 40 жыл тер төккендердің бірі – Айтмұханбет Балабаев. Оның әкесі де, екі әпкесі де, ізін жалғар үлкен ұлы да – кенші.
Almaty.tv тілшісі бірнеше буынның тағдырын тоғыстырған әулетің еңбек жолына үңіліп көрді.
Айтмұханбет Балабаев еңбек жолын 1986 жылы шахтадағы жүк тиеу қызметінен бастаған. Ол алғашқыда шағын жұмысшы катерінде тиеуші болып еңбек етіпті. Уақыт өте келе тәжірибе жинап, кенжар аймағын әзірлейтін негізгі мамандардың біріне айналды. Қазір ол Сәтбаев қаласындағы №73 кеніште жер астындағы қауіпті аймақтарды дайындайды, бұрғылаушыларға жол ашады. 37 тонналық жерасты ауыр техникаларын тізгіндеп келеді. Ол кен қазу кезінде тау жыныстарын қауіпсіз бұзып, құлау қаупі бар қабырғаларды арнайы әдіспен құлатады.
«Ең алғаш рет шахтаға 1986 жылы шықтым. Содан бері Қазақмыс корпорациясында жұмыс істеп келемін. 1996 жылы шахта жабылды, 1997 жылдан бастап , Caterpillar машинисі болып істеймін. Оның міндеті руда тиеу, шахтаның жұмыстарын атқарасың», – деді кенші Айтмұханбет Балабаев.
Өндірістегі әріптестері Айтмұханбетті білікті маман, сабырлы әрі сенімді азамат ретінде бағалайды. Ол тау-кен шеберімен бірлесе жұмыс істеп, өндіріс жоспарын ойдағыдай орындап келеді.
«Ол жігіттің атқарып отырған жұмысы – өте маңызды мамандық. Кеншілердің қауіпсіздігіне ықпал етеді, үлкен жауапкершілік. Ол – кеншілердің арасындағы мақтанатын кенші. Есімін үлкен әріппен айтамыз. Нағыз майталман маман», – деді № 73 кеніштің үңгілеушілер ұжымының бригадирі Тұрсынбек Макишев.
Балабаевтар әулеті — шахтадағы маңдай термен шыңдалған еңбек әулеттерінің бірі. Айтмұханбеттің әкесі де ғұмырын кен өндірісіне арнап, ауыр да жауапты саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып еңбек еткен. Кейіпкеріміздің бауырлары мен баласы да жеті қат жер астындағы тынымсыз тіршілікпен біте қайнасып, кеншілік кәсіптің жүгін абыроймен арқалап жүр. Бұл – бір адамның ғана емес, бірнеше буынның тағдыры тоғысқан тұтас еңбек әулетінің тарихы.
«Үлкен ұлым менің жолымды қуып, Caterpillar машинисі болып еңбек етіп жүр. 11 жылға жуықтап калды. Шахтада еңбек ету – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жұмысым қаншалықты ауыр болса да, кәсібімді шын жүректен жақсы көремін. Біздің әулет үшін шахта – ыстық ұядай таныс орын. Мәселен, № 73 шахтада Азиза апам жұмыс істейді, ал «Анненская» шахтасында еңбек еткен Катира апам қазір құрметті демалыста – зейнеткер», – деді кенші Айтмұханбет Балабаев.
«Кішкентай кезімде әкеме қарап, осы мамандыққа деген қызығушылығым оянды. Мектепті бітірген соң колледжге түсіп, 3 жыл оқып, каттерист мамандығын меңгердім. 2015 жылдан бері, яғни 11 жылға жуық уақыттан бері шахтада еңбек етіп келемін. Шахтада жұмыс істеу оңай емес, бірақ мен әкемнің жолын қуып келемін. Ол кісі шахтада 40 жылдай еңбек етті. Ол – жауапкершілікті терең сезінетін, бүгінгі жастарға үлгі бола білетін азамат. Әкемізді мақтан тұтамыз!» – деді А. Балабаевтың ұлы Айдар Сейкенов.
Қырық жылға жуық ғұмырын шахтадағы ауыр еңбекке арнаған, өз ісінің қыр-сырын жетік меңгерген білікті маман бір емес, үш рет «Кенші даңқы» төсбелгісін кеудесіне таққан. Азаматтың қолынан келмейтіні жоқ. Шахтадағы кәсіби шеберлігімен қатар, өмірде де іскерлігімен танылған ол өзі үй салып, сол шаңырақта жарымен бірге бала тәрбиелеп, өсіріп-жеткізді.
Алтынгүл Төлегенова, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Мемлекет кәсіпорындардың өндірісті жаңғырту шығындарының бір бөлігін өтеді