One Health: Алматыда зерттеу орталығы ашылды

27.07.2026 16:41

«Біртұтас денсаулық» орталығының негізгі қызметі – ғылыми зерттеулерді дамыту

Алматының Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде One Health зерттеулер орталығы ашылды,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Халықаралық ғылыми мекеме Ұлттық ғылым академиясы мен Қытай ғылым академиясының ынтымақтастығы аясында құрылды. «Біртұтас денсаулық» орталығының негізгі қызметі – қос тарап арасында ғылыми зерттеулерді дамытуға, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ветеринариялық медицина және қоғамдық денсаулық сақтау саласын ілгерілетуге бағытталған. Мекеменің ашылу салтанатына Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Қытай ғылым академиясының академигі Гао Фу, Чжэцзян университетінің вице-президенті мен екі елдің жетекші ғалымдары және сарапшылары қатысты. Қытайдың танымал академигінің айтуынша, алдағы уақытта жаңа нысанда жұқпалы аурулар, микробқа қарсы препараттарға төзімділік және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне арналған ауқымды зерттеулер жүргізіліп, тәжірибе алмасу көзделіп отыр.

«Қазір аллергия ауруы жиі кездеседі. Сондай-ақ сиырларда, жануарларда болатын тері ауруы бар. Ол адамға да, малға да зиян келтіреді. Сондықтан қос тараптың ғалымдары тәжірибе алмастыра отырып, ауыл шаруашылығына зиян келтіретін кеселдерді емдеу мәселесін қолға алуымыз керек. Бұл бағытта бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарымызда бар», – деді Қытай ғылым академиясының академигі Гао Фу.

Сондай-ақ іс-шара аясында Ұлттық ғылым академиясы, Қытай ғылым академиясының Микробиология институты, Чжэцзян университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті арасында ынтымақтастық туралы төртжақты меморандумға қол қойылды. Бұл құжат бірлескен ғылыми зерттеулер мен халықаралық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ оқытушылар мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуға негізделген.

«Болашақта бірігіп бірлескен ғылыми жобалар жасаймыз, кадр даярлау мәселесі, сонымен қатар вакцина жасаймыз. Көп аурулар жануарлардан адамға тарайды, қоршаған ортада да өзгерістер болады. Өйткені қоршаған ортада су, топырақ бар. Сол ортада аурулар тұрақталады. Бірлесіп жұмыс жасайтын болсақ, орталықтың болашағы өте зор болады деген сенімдеміз», – деді KazNARU басқарма төрағасы – ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның барлық перзентханаларында тексеру басталды