Өнер тарланына құрмет: Алматыда көрнекті театртанушының мұрасы талқыланды

Қазақ театртану ғылымының көрнекті өкілі, профессор Бағыбек Құндақбайұлының туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қазақ театртану ғылымының көрнекті өкілі, профессор Бағыбек Құндақбайұлының туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.

Ғалымның ұлттық сахна өнерін зерттеуге сіңірген еңбегі мен ғылыми мұрасы басқосуға арқау болды. Достық үйінде өткен кездесуге ғалымдар, өнертанушылар мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Конференция барысында 11 ғылыми баяндама оқылып, қазақ өнертануының өткені мен бүгінгі даму бағыттары талқыланды.

Айта кетейік, халықаралық конференцияны Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырды.

«Қазақ гуманитарлық ғылымында театртану деген ғылым қалыптасты, өркен жайды деп айтатын болсақ, соның бастауында, қалыптасуында, дамуында, кемелденуінде Бағыбек Құндақбайұлының есімі ерекше аталады. Бүкіл ғұмырын Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында өткізгені есімізде», – деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.

«Қазақ театрының тарихы туралы Бағыбек ағадан басқа қалам сілтеген сол кездерде сыншы жоқ. Ол кісі әрі сыншы, әрі театр тарихшысы. Бағыбек аға.

Әуезов театрының спектакльдері туралы, ондағы айтылған ой-пікірлер туралы барлығын жинақтаған», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов.

Айта кетейік, саналы ғұмырын қазақ театртану ғылымына арнаған Бағыбек Құндақбайұлы ұлттық сахна өнерінің тарихын түгендеп, ғылыми негізін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты. Ғалымның қаламынан 700-ге жуық мақала мен көптеген іргелі зерттеу еңбектері жарық көрген. Сондай-ақ оның жетекшілігімен бірнеше адам диссертация қорғап, отандық театртанушылардың жаңа буыны қалыптасты. Ғалымның ғылыми мұрасы бүгінде ұлттық сахна өнерін зерттеудің маңызды негіздерінің бірі саналады. ¤

«Әкемізжан-жақты адам болатын. Ол кісіні қасындағы жазушы, әріптестері «энциклопедист» деп атайтын. Ол әр саланы өте терең біліп, елге түсіндіріп жүретін», – деді Б.Құндақбайұлының қызы Гүлжәмилә Құндақбаева.

Оқи отырыңыз: Жеті жылда 75 медаль: Алматылық жас спортшы әлемді мойындатып жүр