Онлайн микрокредит рәсімдеу талаптары күшейтілмек

28.10.2024 20:47

Қаржы нарығындағы бұл өзгерісті Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді

Келер жылдан бастап онлайн микрокредит рәсімдеу талаптары күшейтілмек. Жаңа жүйе бойынша банктер берешекті рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру мен электрондық цифрлық қолтаңбаны міндеттейді. Қаржы нарығындағы бұл өзгерісті Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Банктегі берешектерге байланысты жаңа жүйе алаяқтардан қорғану мақсатында қолға алынып отыр. Бастаманы бұған дейін депутаттар көтерген. Ұлттық банк басшысының айтуынша, келер жылдан бастап онлайн микрокредит рәсімдеу екінің біріне қолжетімді бола бермейді. Қарыз алар кезде азаматтың жеке дерегі тексеріліп, биометриялық сәйкестендіру талап етіледі. Ол ғана емес, электрондық цифрлық қолтаңбаны қатар қолдану міндеттелмек.

"Несие беру кезінде азаматтардың қауіпсіздігін арттыру үшін агенттік екінші фактор ЭЦҚ негізінде клиентті қосымша тексеру талабы еңгізеді. ЭЦҚ сурет негізінде сенімді қорғау әдісі болып табылады. Бұл әдіс қазірдің өзінде қаржы саласында ғана емес экономиканың басқа саласында қолданылады", – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ақпараттық және киберқауіпсіздік департаменті басқармасының бас маманы Сымбат Нұрова

Ресми дерекке сүйенсек, биыл несие алушы қазақстандықтардың саны күрт төмендеген. Бірінші кредиттік бюро ақпарынша, биыл банктерде 3,5 млн теңгеден астам берешек рәсімделген. Халықтың қаржы ұйымдарына қарызы 22 триллион 300 миллиард теңгеден асады. Қазір 8 миллион 900 мың адам несие төлеп жүр. Жаңа жылдан бастап күшіне енетін жүйені сарапшылар тиімсіз болуы мүмкін деп топшылайды.

"Банкке бармай, жұмысты тездету мәселесі бар. Бұл – дүниежүзіндегі үрдіс, оған бара алмаймыз. Екіншіден, қауіпсіздік. Жаңағы алаяқтардан құтылу мәселесі бар. Соның бәрін шешпей жаңағы технологияны дамытып жібердік. Шетелде дамыған технологияны қабылдап жібердік", – деді экономист СЖобаев

Алаяқтардан қорғанудың бұл тәсілі әзірге тек ұсыныс күйінде. Жаңа өзгеріс 2025 жылдың бірінші қаңтарынан күшіне енуі мүмкін. Бұл ретте Ұлттық банк басшысы азаматтардың несие алудан өз еркімен бас тарту құқығы бар екенін еске салады. Қазіргі таңда бұл мүмкіндікті шамамен 700 мың қазақстандық пайдаланады.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа қала маңы бағыттары ашылды