Онлайн таныстық қаншалықты қауіпті: прокуратура ескерту жасады

02.11.2025 10:17

Желіде жұп іздемек болып, соңында жапа шеккендер көбейіп жатыр  

Әлеуметтік желіде жұбын табам деп жапа шеккендер көбейіп жатыр. Елде интернет арқылы танысып, ақырында алаяқтардың арбауына түсетіндер аз емес. Онлайн таныстықтың салдарын айтқан прокуратура өкілдері кешелі бері дабыл қағып, күмәнді сайттарды бұғаттау үшін сотқа арыз жолдаған. Олар жұрттың бірі алданса, енді бірі қорлық көріп жатыр дейді. Дәл осындай жағдайға Алматыдағы кәмелетке толмаған қыз да тап болыпты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Соңғы уақытта виртуалды махаббаттың шырмауына түсіп, сан соғып қалғандардың саны артып жатыр. Интернеттегі танысу алаңдары мен мессенджерлерді алаяқтар теріс пиғылы үшін қолданып келеді. Сезімге алданып, сенімге еріп, ақырында зардап шегіп жатқандар көбіне жасөспірімдер екен. Сондай жағдайдың бірін Алматының Алатау ауданының прокуратурасы әшкерелеп, «Дайвинчик» деп аталатын танымал сайтты бұғаттауға әрекет етуде. 13 жастағы қыз дәл осы онлайн алаңында танысқан қаскүнемнен қорлық көріпті.

«Сәуір айында кәмелетке толмаған жасөспірім шағымданған. Ол «Дайвинчик» Telegram арнасында танысу мақсатында тіркеліп, сол арқылы оның құқықтарына қол сұғылған. Қазіргі таңда іс сотқа жолданды. Алаяқтық фактілері көп. Менің қадағалауымда жасөспірімдердің құқықбұзушылығы болғандықтан, сайттар мен интернет ресурстар балаларға қауіп төндірмесе екен, ал ата-аналар оларды қадағалап отырса екен деймін», – деді Алатау ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Мадина Рахатова.

Аты шыққан күмәнді платформаға біз де кіріп, зерделеп көрдік. Telegram-арнасына жас шектеуі қойылмаған. Кез келген адамға қолжетімді. Тіркелу үшін жасыңды, жынысың мен суретіңді жүктеу керек екен. Ең сорақысы, мұнда адамның мекенжайының дерегі қолданылады. Содан кейін сізге жақын жердегілердің тізімі ұсынылып, шыға келеді. Қазір аталған ресурсты ел аумағында заңсыз деп тану үшін сотқа талап-арыз берілді. Жалпы жастардың онлайн таныстыққа қатысты көзқарасы да екіге бөлінді.

«Ондай танысуда тұрған жаман ешнәрсе жоқ. Таныса келе адамның қандай екенін, қандай ниетпен сөйлесіп жатқанын өзің көресің ғой», – деді қала тұрғыны Мағжан Құспанов.

«Мен онлайн таныстыққа сенбеймін. Өйткені ол әсіресе қыздар үшін өте қауіпті. Онлайн танысқанда адамдар біртүрлі болады», – деді қала тұрғыны Дильназ Нұрмұхамедова.

«Жаман қараймын. Қазіргі балалар мен жігіттер қыздарды, әсіресе кішкентай қыздарды алдайды. Қазір технология дамып жатыр, соны пайдаланып, басқа адамның бетін қойып, өз суретін өзгертіп, алдап кетуі мүмкін», – деді қала тұрғыны Ғайнижамал Аужанқызы.

Мәселенің бір ғана арнаны шектеумен шешілмейтіні анық. Интернет кеңістігі қазір жасөспірімдер түгілі, ересектер үшін де қауіпті ортаға айналуда. Бақылаусыз контент, жалған аккаунттар, анайы жарнамалар мен арбаушы парақшалар күн санап артып келетіні бәріне мәлім. Сондықтан заңгерлер жеке деректің таралып кетпеуін жіті бақылауда ұстауға шақырып отыр. Әсіресе, ата-анаға балалардың гаджеттерін тексеріп жүрген жөн дейді.

«Көбінесе алаяқтар қосымшалардағы өздерін тексеретін верификациядан жалтару үшін, мысалы, “қосымшадан басқа жерге өтейік” деп айтуы мүмкін. Мәселен, Telegram-нан WhatsApp-қа өтейік деген сияқты. Ондай ұсыныстарға келіспеу керек. Егер профиль сізге күмән тудырса, сол қосымшаның әкімшілігіне хат жазу қажет. Тағы бір әрекеті – эмоционалды манипуляция жасау. Сенімге кіру үшін жылы сөйлеп, сезімін білдіреді. Сол кезде адам өзінің сыни ойлау қабілетін жоғалтып, алданып қалады», – деді Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының атқарушы директоры Гүлшара Сапарова.

Сала мамандары онлайн танысу сайттарында жеке бастың деректерін растайтын тетіктерді күшейту маңызды дейді. Сонда ғана балаларды қауіпті контенттен, жалған аккаунттар мен алаяқтардың арбауынан қорғауға болады.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, Думан Дәулетбақұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Түркістан облысындағы тұрғын үйде болған жарылыс: жаңа деректер айтылды