Онлайн-танысудың өкініші: Астанада жас жігіт ер адамның 4 млн теңгесін иемденіп кеткен

16.01.2026 10:53

Алаяқтық жасаған жігітке сот үкімі шықты

Аlmaty.tv

Астанада интернет арқылы алаяқтық жасаған 20 жастағы тұрғынға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қалалық ппрокуратурадан хабарлағандай, жас жігіт танысуға арналған Tinder қосымшасына әйел адамның атымен «Нұрай» деп тіркеліп, өзінің Telegram аккаунтына сілтеме қалдырған.

«Жігіт Telegram-да бейтаныс қыздың суретін қойып, жалған парақша ашқан. Содан кейін жәбірленушімен тілдесіп, кездесуге уәде беріп, әртүрлі сылтаулармен одан ақша сұрай бастаған.

Қаскөйдің арам пиғылынан бейхабар жәбірленуші үш айға жетпейтін уақыт ішінде 4 млн теңгеден астам қаржысын аударған», - делінген хабарламада.

Сот айыпталушыны ақпараттық жүйе пайдаланушысына қатысты ірі көлемде жасалған алаяқтық үшін кінәлі деп таныды.

Қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар - жасаған ісіне шын өкінуі, келтірілген мүліктік залалды өз еркімен өтеуі және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескеріле отырып, сот үкімімен оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.

«Интернеттегі сенім үлкен шығынға әкелуі мүмкін. Виртуалды «таныстардың» арбауына түспеуге және сақ болуға шақырамыз», - деп ескертеді прокуратура өкілдері.  

Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында автобус аударылып, 4 адам қаза тапты