Опырылған жол: Алматыда бүлінген көлік жүргізушілеріне ортақ чат ашылды

17.09.2025 15:30

Алматыдағы Аманжол көшесінде мамандар арықтарды тазалап, құм-батпақтан аумақты аршып, жолды тегістеуде

Алматыда шелектеп құйған нөсердің салдарынан шамамен оннан аса автокөлікке зақым келген. Қолайсыз ауа райының кесірінен кептеліс туындап, қозғалыс көпке дейін тұралап қалып еді. Тіпті қаланың кей бөлігінде жолдарды су шайып, тұрғындардың жүріп-тұруына қиындық тудырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыдағы Аманжол көшесіндегі арық құмға толып, су жол жабынына сіңіп, топырақты босатқаннан кейін мұнда оннан аса көлік батып қалған. Мамандар таңға дейін темір тұлпарларды кезек-кезек аумақтан алып шығарды. Ал оқиғаны көзімен көрген жүргізушілердің кейбірі қауіптен дер кезінде құтылып үлгерген.

«Мен бұрыла бергенде көліктің оң жақтағы дөңгелегі төмен түсіп, алдыңғы бөлігін соғып, сындырып алдым. Артқа лезде жүріп, шұңқырдан шығып үлгердім. Дәл сол кезде жер босап кетті», – деді қала тұрғыны Владимир Лубошников

Мамандар арықтарды тазалап, құм-батпақтан аумақты аршып, жолды тегістеуде. Оқиғадан соң 13 темір тұлпар зақым алған болатын. Мердігер компания өкілі көлік иелеріне кетер шығынды өтеп беруге уәде берді.

Ал жауапты мамандар көшеде инженерлік желі салу жұмысының оқиғаға дейін біткенін, сондықтан аумақтың ашық болғанын, қозғалыс шектелмегенін жеткізді. Бірақ асфальт жабынын газ құбыры орнатылғаннан кейін ғана төсеу жоспарланғанын айтты.

 «Бұл көшеде инженерлік желілер жүргізіп, шұңқырларды жапқан болатынбыз. Жұмысты толығымен аяқтаған. Ал асфальт жабынын әлі төсемедік. Себебі, газ құбырын жүргізетін компания ісін әлі аяқтамады. Сондықтан жол төсемесін әзірге сала алмаймыз», – деді мердігер компания өкілі Нариман Қалиев

Әкімдік өкілдері аумақ еңісте орналасқандықтан, жаңбыр суының көп мөлшері Аманжол көшесіне қарай аққанын, арық желілерінің ағынды көтере алмағанын айтып отыр. Кемшіліктің орнын толтыру үшін жұмыс қарқынды жүргізілетінін жеткізді. Газ құбырын төсейтін компанияға хат жолданған. Ал көліктері зақымданған жүргізушілерге желіде ортақ чат ашылды.

Атап өтейік, мұндай жағдай Яссауи және Дастан көшелерінің қиылысында да болған.

 «Мердігер ұйым барлық жұмыстарын аяқтады. Асфальт жабыны жабылды. Қазіргі таңда жағдайға байланысты мердігер ұйым келтірген шығын үшін жауапты», – деді Әуезов ауданы Инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің басшысы Ермек Жұмағалиев.

Бұл аумақта жолдың 100 шаршы метрі бүлінген. Қазір көше жөнделіп жатыр. Қалалық әкімдіктің дерегінше, оқиғаға қатысты тексеріс жүргізіледі және жақын аралықта аумақ қалыпқа келтіріледі.

Рүстем Айткәрім, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Алматыда жол опырылуынан зақымданған автокөліктердің шығынын мердігер өтейді