Өркениеттен жұрдаймыз: Түркістан облысында ауыл тұрғындары майшаммен күнелтіп отыр

10.09.2025 16:50

Тұрғындар қалада оқып жатқан балаларымен сөйлесу үшін 30 шақырым жол жүруі керек

Жарықсыз, сусыз, жолсыз ауыл. Түркістан облысындағы Егізқара жұрты бүгінде құдықтан су тасып, майшаммен күнелтеді. Ал жолдың жоқтығынан мектепке қатынай алмаған балалар қаладан пана іздеуге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Егізқарада күн бұлтты болса, ауыл қара түнекте қалады. Сондықтан мұндағы қараша майшамның жарығына телміруге мәжбүр. Тіпті электрдың жоқтығынан жергілікті халық ауыз суға да зар.

«Қазір ауылымызда су жоқ, құдықтан су алып отырмыз. Халық сусыз, жарықсыз, жолсыз қиналып отыр. Қатынап оқитын балаларымыз амалсыз қалада туысқанының үйінде, біреуі пәтер жалдап тұрады», – деді Егізқара ауылының тұрғыны Ғалия Сейілбекқызы.

Ауылда ұялы байланыс та жоқ. Тұрғындар қалада оқып жатқан балаларымен сөйлесу үшін 30 шақырым жол жүруі керек. Ал ол жолдың әбден тозығы жеткен. Жаңбыр жауса, лай-батпақ, қыста көлікпен жүру тіпті мүмкін емес.

«Біз жолмен жүре алмаймыз, жүрсек, машинамыз 2-3 күнде шашылып қалады, жөндеу керек болады. Бұрынғы ескі жолмен жүреміз, ол жауын-шашында лай-батпақ болады. Бір айда машинаның өзіне 300-400 мың теңге жұмсаймыз. Ауданға, қалаға жету үшін кемінде 2 сағат жүреміз. Ал қыстың күндері азанда шыққан машина кешке кейде жете алмай қалады», – деді Егізқара ауылының тұрғыны Дәурен Әбдіраманов.

Ауылды толық электрмен қамтамасыз ету үшін жергілікті билік 620 млн теңгеге жоба ұсыныпты. Алайда ол басқармадан қолдау таппаған көрінеді. Сондықтан Егізқара жұрты тек күн шыққанда жарық беретін панельдермен күнелтуге мәжбүр. Ал әкімдік өкілдері ауыз судың жағдайы қазан айының соңына дейін реттелетінін айтты.

«Елдімекенде ауызсу көзі – бұлақ. Ол жерге қосымша жанармаймен істейтін генератор әпереміз. Қондырғыларды енді іске қосамыз. Сол уақытта толық ауызсумен қаматамасыз ету мақсатында жұмыс жүргізілетін болады», – деді Сауран аудандық түкш бөлімінің басшысы Асылбек Таңат.

Ал жолды жөндеу үшін тиісті құжаттар дайындалып, конкурс жарияланды. Десе де, халық бұл сөзге сенбейді, олар тек нақты нәтижені талап етіп отыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Есірткі саудасы: Астанада 27 жастағы қала тұрғыны күдікке ілінді