Орман қоры және өркениет: ШҚО-да мәселелер қалай шешіліп жатыр

28.10.2026 16:25

Жылдар бойы өңірде бүтін бір ауылдар заңдастырылмай келді

Шығыс Қазақстанда орман қоры статусы аймақтағы өркениеттің дамуын тежеді. Жылдар бойы өңірде бүтін бір ауылдар заңдастырылмай келді. Ал стратегиялық маңызды жолдар мен электр желілерінің құрылысы қағазбастылықтың кесірінен сағызша созылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Шығыс Қазақстандағы көштен қалып кеткен ауылдардың бірі - Самар ауданындағы Қайыңды. Өскеменнің маңындағы елдімекен тұрғындары үшін үй сату, ауласында құрылыс жүргізу былай тұрсын, қарапайым тіркеуге тұрудың өзі мұң еді. Себебі олардың баспанасы қағаз жүзінде орман қорының аумағына кіретін. Қазір бұл мәселелер шешімін тауып келеді. 

"Бұндай шешімге келу оңай болған жоқ. Келесі мәселе - қараусыз қалған электр сымдары. Оларды мемлекет меншігіне алу оңайырақ болады. Сымдарды төсеу үлкен мәселе тудырмайды", - деді Табиғи ресурстар және табиағатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Дамир Ерназар.

Жол мәселесі де бұл аймақта жылдар бойы өте өзекті болды. Бір ғана мысал, құрылысы сағызша созылған қауіпті Осинов асуының айналма жолы. Трассаның ұзақ салынуының басты себебі - техниканың немесе асфальттің жетіспеуінен емес, келісімді сарыла күтуінен. 

"Жер учаскелерін орман қорынан жол салуыға рұқсат алу үшін бірнеше жыл кетеді. Ал Осинов асуының айналма жолының құжатын бақандай төрт жыл күттік. Бұндай регламентті шұғыл өзгерту керек. Әйтпесе, кез келген жолдың құрылысы өте ұзақ жүреді", - деді «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясы облыстық филиалы директорының орынбасары Алмас Қасенов.

Құрылысы ұзаққа созылған  Риддер ну орманындағы электр сымдарын тарту жұмыстары. Сегіз жыл бұрын қағылған бағаналарға әлі күнге тоқ тартылмаған. Демалыс аймағына бағытталған желінің жұмысы алғашында мердігерлердің жемқорлық әрекетінен тоқтатылса, кейін бұл қорықтың жері екені анықталған. Енді бұл мәселе де шешімін таппақ. 

"Қазір заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 2017 жылы бұл аймақта инфрақұрылым жүргізуге түбегейлі қарсы болса, бүгінгі таңда барлық мемлекеттік органдармен кеңесе отырып, жол, электр желілерін салуға рұқсат берілді", - деді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеухан.

Орманды сақтау керек, алайда жасыл желек өңір өркениетінің дамуын тежемеуі тиіс. Жаңа ережелер қағазбастылықтан арылтып, бай табиғатымызды сақтай отырып, маңызды жобаларды жүзеге асыруға жол ашты. Бұндай бастама өңірдің туристік әлеуетін арттыруға үлкен серпіліс болары анық. 

Асыл Махметов, Руслан Мухамедьяров, ШҚО

Оқи отырыңыз: Тұрғындар өтініші назарда: Дархан Сатыбалды азаматтарды жеке қабылады

Толық көрсету