Өрт қауіпсіздігі: Түркістан облысында қонақүйлерге рейд жүргізілді

Бірінде дабыл істемейді, бірінде өрт сөндіргіш жарамсыз

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысында өрт қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды сақтау бойынша тексеріс күшейтілді. Бұл жолы Төтенше жағдайлар қызметкерлері қонақүйлерге ойламаған жерден рейд жасады, деп хабарлайды  Almaty.tv.

Құтқарушылар қонақүйлердің әр бұрышын жіті қарап шықты. Дабыл жүйелері мен эвакуациялық шығу есіктерінің жай-күйін тексерді.

Рейд барысында 10 қонақ үйден он түрлі мәселе шықты. Бірінде дабыл істемейді, бірінде өрт сөндіргіш жарамсыз. Ал мамандар «осындай салғырттықтың соңы — үлкен қайғыға апарады» дейді.

«Ол жерде жаңағы өрт қауіпсіздігі тақырыбы бойынша бірқатар критерийлар қаралды. Ол бойынша қонақ үй егелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша ескертпе ретінде айтып түсіндірдік», – деді қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Бағлан Убайдулаев.

Ең бастысы – қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі. Сондықтан мамандар қонақүй қызметкерлеріне өрт сөндіру құралдарын қалай пайдалану керек екенін, өрт шыққан жағдайда не істеу қажет екенін егжей-тегжейлі түсіндірді. Себебі көп жағдайда адамдардың мұндай құрылғыларды дұрыс пайдалана алмауы қайғылы жағдайға себеп болуы мүмкін.

«Егер тұрғын үйде, ғимаратта өрт шыққан жағдайда қауіпсіз аймаққа шығып, 101 және 112 телефонына хабарласып, нақты мекен жайды түсіндіру қажет. Ғимараттың қызметкерлеріне ескертетініміз алғашқы өрт сөндіру құралдарын қалай пайдалану керек, өрт шыққан жағдайда іс әрекеттері қалай болуы керек? Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Мағжан Нұрмаханбетов.

Рейд қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктер нысан иелеріне түсіндіріліп, оларды жою бойынша ескерту берілді. Мамандар мұндай тексерістер алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Оқи отырыңыз: Отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес: елімізде екі апталық акция басталды

Новости партнеров