Алматыда биыл 136 өрт тіркелген. Ал көктемгі-жазғы маусымда апатты одан әрі арттырмау үшін жұмыс қызу. Мамандардың айтуынша, өрт көбіне тұрғындардың немқұрайлы әрекетінен тұтанады. Азаматтар нені ескеруі керек? Қауіпсіздік ережелерін ескермегендерге қандай жауапкершілік көзделген? Осы және өзге де сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Жандар Дулат жауап береді.
– Жандар мырза, ережелерге тоқталып өтсек.
«Табиғатта демалу барысында азаматтар міндетті түрде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауы тиіс. Ашық, орманды және дала аймақтарында ашық от жағу рұқсат етілмейді. Қоқысты, құрғақ шөпті, жапырақты өртемеуі тиіс. От жағу қажет болған жағдайда, тек арнайы белгіленген жерлерде және өрт сөндіруге қажетті құралдармен от жаққан дұрыс. Сөндірілмеген темекі қалдықтары мен сіріңкелерді тастауға қатаң тыйым салынады. Кетерде отты толығымен сөндіріп, қауіпсіз екеніне көз жеткізу қажет. Өрт қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 336 және 367-баптарына сәйкес айыппұл салынады».
– Бұл мезгілде таулы аймақта да өрт жиілейді. Бұған не себеп?
«Ең біріншіден, антропогендік жағдай. Адамдар табиғат аясында демалу барысында көптеген өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Салдарынан өрт пайда болады»
– Егер тұрғын немесе турист өртті байқаса, қайда хабарласуы қажет?
«Ең алдымен, 101 немесе 112 нөміріне хабарласып, шұғыл түрде мекенжайын айтып, түсіндіріп, мүмкіндігінше өрт сөндірушілерді қарсы алып, өрт болып жатқан жерді көрсетіп, мүмкіндік болған жағдайда өзін және қасындағы азаматтарды сол жерден дереу, шұғыл түрде шығуға кеңес беремін».
Оқи отырыңыз: Алматыда 65 маман өрт сөндіруші қызметінің қатарына қосылды