Орталық Азияда алғаш рет: Алматы әуежайында ұшақтарды мұздануға қарсы өңдеу алаңы салынып жатыр

14.07.2026 16:21

Қысқы маусымда әрбір әуе кемесі ұшар алдында міндетті түрде мұздануға қарсы өңдеуден өтеді

Аlmaty.tv

Алматы халықаралық әуежайы Орталық Азиядағы әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдеуге арналған алғашқы мамандандырылған алаң құрылысының соңғы кезеңіне кірісті. Жоба әуежайды ауқымды жаңғырту бағдарламасының кезекті маңызды кезеңі саналады және болашаққа бағдарланған заманауи әуежай инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қысқы операциялардың тиімділігін едәуір арттыруға, жерүсті қызмет көрсету үдерістерін оңтайландыруға және күрделі ауа райы жағдайларында әуежайдың қауіпсіз әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету мүмкіндіктерін күшейтуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Аlmaty.tv әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қысқы маусымда әрбір әуе кемесі ұшар алдында міндетті түрде мұздануға қарсы өңдеуден өтеді. Бұған дейін бұл жұмыстар қолданыстағы перронда жүргізіліп келді. Жаңа мамандандырылған алаң мұздануға қарсы өңдеу жұмыстарын арнайы жабдықталған аумаққа көшіруге, әуе кемелерінің қозғалысын оңтайландыруға және жерүсті қызмет көрсету тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа нысан әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдеу жұмыстарын тұрақ орындарынан арнайы операциялық алаңға көшіруге мүмкіндік береді. Бұл перрондағы жүктемені азайтып, аэродром жабындарының тозуын төмендетеді және жерүсті операцияларының жалпы тиімділігін арттырады.

Нысанның негізгі технологиялық артықшылықтарының бірі — әуе кемесінің қозғалтқыштары жұмыс істеп тұрған кезде мұздануға қарсы өңдеу жүргізу мүмкіндігі. Бұл рәсімнің ұзақтығын айтарлықтай қысқартады.

Сонымен қатар алаңның ұшу-қону жүйесіне жақын орналасуы өңдеуден кейінгі рулдеу уақытын азайтып, ұшу алдындағы мұздануға қарсы сұйықтықтың тиімді әсер ету мерзімін барынша пайдалануға және операциялық тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа нысанның жалпы аумағы 92 000 м² құрайды. Оның ішінде 48 000 м² — бетон жабындысы, ал 44 000 м² — асфальтбетон жабындысы. Соның 37 000 м² жалғастырушы рулдеу жолдарына, ал 6 400 м² арнайы аэродромдық техниканың тұрағына арналған.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 500-ден астам маман және 269 бірлік техника жұмыс істеп жатыр. Бұл құрылыс жұмыстарын жоғары қарқынмен жүргізіп, жобаны аяқталу кезеңіне шығаруға мүмкіндік берді.

Нысан пайдалануға берілгеннен кейін бір мезгілде Code C санатындағы 8 әуе кемесіне дейін немесе Code E санатындағы 4 кең фюзеляжды әуе кемесіне дейін қызмет көрсете алады. Бұл әуежайдың қысқы кезеңдегі өткізу қабілетін едәуір арттыруға, кідірістерді азайтуға, әуе кемелерін ұшуға дайындау уақытын қысқартуға және қысқы операциялардың жалпы тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыру барысында экологиялық тұрақтылыққа ерекше көңіл бөлінді. Нысанда пайдаланылған мұздануға қарсы сұйықтықты жинауға, кейіннен тазартуға және қайта өңдеуге арналған заманауи жүйе қарастырылған. Бұл сұйықтықтың топыраққа түсуіне жол бермей, қоршаған ортаға әсерді барынша азайтады.

Орталық Азиядағы әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдеуге арналған алғашқы мамандандырылған алаң Алматы халықаралық әуежайының ұзақ мерзімді дамуындағы кезекті маңызды кезең болмақ. Жоба әуежайдың халықаралық озық тәжірибелерді енгізуге, операциялық тиімділік пен қауіпсіздікті арттыруға, сондай-ақ авиакомпаниялардың, жолаушылардың және жалпы авиация саласының өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне сай заманауи әрі экологиялық тұрақты авиациялық инфрақұрылымды дамытуға бейілділігін көрсетеді.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Франция президентіне құттықтау жеделхатын жолдады