Отандық автоөнеркәсіпте жасанды интеллект қолданыла бастайды

Биыл алғашқы 6 айда 94 мыңнан астам техника шығарылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде автомобиль жасау саласы жаңа кезеңге қадам басады. Алдағы уақытта жаңа 3 көлік брендінің өндірісі іске қосылады. Бұған қоса, отандық автозауыттарда жасанды интеллект технологиялары кеңінен енгізіліп, өндіріс цифрландырылмақ. Бұл бастамалар отандық машина жасау саласының әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Аталған маңызды мәселелер бүгін Үкімет отырысында талқыланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Елімізде автомобиль өндірісі қарқын алып келеді. Өткен жылы Қазақстанда 171 мыңнан астам автокөлік құрастырылып, өндіріс көлемі 18 пайызға өсті. Ал биыл алғашқы 6 айда 94 мыңнан астам техника шығарылған. Бұл ішкі нарықтағы сұраныстың артып, отандық автоөнеркәсіптің әлеуеті күшейіп келе жатқанын аңғартады. Осы үрдісті сақтап, саланы жаңа деңгейге көтеру үшін 2028 жылға дейін үш ірі автокөлік өндірісі іске қосылады. Жаңа зауыттарда әлемге танымал брендтер құрастырылып, өндіріс желісі кеңейеді.¤

 «Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында автомобиль жасау саласында бірқатар маңызды келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы автомобильдер өндірісін, SITRAK пилотсыз жүк көліктерді шығаруды және BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты зарядтау стансалары желісін дамыту көзделуде», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

 Сондай-ақ отырыс барысында «Астана» брендімен автобустар шығарылатыны белгілі болды. Жаңа автобустар Қытайдың технологиялық серіктестерімен бірлесіп әзірленеді. Өндірісті 2027 жылдың наурыз айында бастау жоспарланып отыр.

«Автобустардың дизайнын әзірлеуге қазақстандық инженерлер тікелей атсалысты. Көліктер толығымен Қазақстан аумағында шығарылады. Сондай-ақ бұл автобустарға қатысты авторлық құқық елімізге тиесілі болады», – деді көлік өндіруші компанияның басшысы Нұрлан Смағұлов.

Автокөлік өндірісінен бөлек, Премьер-министр Олжас Бектенов елге заңсыз әкелінетін көліктер мәселесін көтерді. Ол мұндай заң бұзушылықтар әлі де тіркеліп жатқанын айтып, Қаржы министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 10 күн ішінде алдын алу шараларын әзірлеуді тапсырды.

«Қолда бар деректерге сәйкес, еліміздің аумағына көлік құралдарын заңсыз әкелу фактілері әлі де тіркелуде. Мұндай көліктердің басым бөлігі техникалық және экологиялық талаптарға сай келмейді. Бұл соның ішінде кедендік заңнама нормаларын құқықтық қолдану тәжірибесіндегі олқылықтарға да байланысты. Қаржы министрлігі Өнеркәсіп министрлігімен бірге 10 күн ішінде автокөліктердің ел аумағына заңсыз әкелінуіне жол бермеу жөнінде шаралар кешенін әзірлесін», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Айта кетейік, қазір елімізде жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк көліктері мен арнайы техникалар шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Ал автомобиль жасау саласында тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны 10 мың адамнан асады.

Оқи отырыңыз: Елімізде электр көліктеріне арналған 250 жаңа қуаттау станциясы салынады