Қазақстанда азық-түлік өндірісі үш жылда 15 пайызға жуық өсті
Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында климаттың өзгеруі мен ықтимал табиғи апаттардың азық-түлік қауіпсіздігіне әсері туралы сөз қозғады. Президент ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын басқаруда климаттық сын-қатерлерді ескеріп, азық-түлік өндірісін және өнімді терең өңдеу ісін дамыту қажеттігін айтты. Сондай-ақ отандық өндірушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін кеңейту міндетін қойды, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдағы жылдарға қатысты климаттық болжамдар алаңдаушылық туғызып отыр. Кейбір сарапшылар 2027 жыл өте ыстық болуы мүмкін деп болжайды. Ауа райындағы күрт ауытқулар қуаңшылыққа, өрт пен су тасқынына әкеліп, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсер етуі ықтимал. Мұндай жағдай әлемдік жеткізу тізбегінің бұзылуына да себеп болуы мүмкін.
– Ауыл шаруашылығын дамыту және су ресурстарын басқару ісінде біз осындай қауіп-қатерлердің бәрін ескеруіміз керек. Біз бұл мәселені енді қолға алып жатырмыз. Бірақ жүрісіміз баяу. Өйткені еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында азық-түлік қауіпсіздігімен айналысатын халықаралық ұйымның штаб-пәтері орналасқанын атап өтті. Оның сөзінше, салалық министрлік осы ұйыммен бірлесіп, әлемдегі күрделі ахуалды ескере отырып, Қазақстан мен серіктес елдерге арналған ұсынымдар әзірлей алады.
Форумда азық-түлік өндірісін ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселесі де көтерілді. Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы үш жылда елімізде азық-түлік өндірісі 15 пайызға жуық өскен. Атап айтқанда, өсімдік майын өндіру көлемі 36 пайызға, ал ет және сүт өнімдерін өндіру 25 пайызға артқан.
– Енді осы қарқынды сақтап, өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін барынша күшейту қажет. Тағам өнеркәсібі саласындағы жобаларды жедел саралап, жүзеге асыру керек. Бұл жобалар азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа өндіріс орындарын инженерлік желілерге уақтылы қосу мәселесіне де назар аударды. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, осы салаға қолдау көрсетудің бірыңғай тәртібін әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар жобаларды жүзеге асырудың нақты жолдарын, қаржыландыру көздері мен мерзімдерін айқындау қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы тағам өнеркәсібін дамыту үшін шағын және орта бизнестің мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алу рәсімдеріне қатысу мүмкіндігін кеңейту керегін атап өтті. Бұл ретте ұзақмерзімді келісімшарттар әзірлеу, тиімсіз талаптарды қысқарту және отандық өндірушілерге тең жағдай жасау мәселелері шешілуге тиіс.
– Әрине, мұның бәрі өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қатаң сақтай отырып жүзеге асырылуы керек. Жалпы, алдағы уақытта да мемлекет бұл салаға қолдау көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев егін өнімділігін арттырып, суармалы алқап көлемін ұлғайтуды тапсырды