Отандық медицинадағы жаңа қадам: Алматыда халықаралық форум аясында бірегей операция көрсетілді

22.05.2026 19:41

Сербия, Бразилия және Австралиядан келген профессорлар Live-хирургияның тәжірибе алмасудағы мүмкіндігін жоғары бағалады

Отандық хирургияның жаңа мүмкіндігі онлайн көрсетілді. Бүгін алматылық дәрігерлер Крон ауруына шалдыққан пациентке күрделі ота жасап, оны тікелей эфиде көрсетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мұндай «Live-хирургия» отандық медицинадағы жаңа қадам. Бірегей операция халықаралық оныншы мерейтойлық форум аясында жасалды. Жиынға отандық және шетелдік гастроэнтерология, педиатрия және хирургия саласының ең үздік мамандары шақырылған.

Нақтырақ айтсақ, Сербия, Бразилия және Австралиядан келген профессорлар Live-хирургияның тәжірибе алмасудағы мүмкіндігін жоғары бағалады. Одан бөлек әр пациенттің ерекшелігіне қарай дербес ем қолданудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар клиника мен ғылымды біріктіретін «Ішек қабыну аурулары» орталығының жұмысымен танысты. 

«Кеше әріптестеріміз бірге кардохирургтар шеберлік сыныбын өткіздік. Ішек жолдары қабыну ауруларын асқынулары бойынша операция өткіздік. Ота барысында сабақ алып, деңгейін көтеру – мақсат», – деді Астана қаласы проктология және хирургиялық инфекция кафедрасының меңгерушісі Қазыбек Ағыбаев.

«Біздің елімізде статистика бойынша ішектің қабыну ауруларымен 15 мыңға жуық науқас тіркелген, жалпы көрсеткіш 80 мыңға жуық. Бұрын бұл ауруды емдеу күрделі болатын, білікті мамандарды табу да қиын еді. Алайда қазіргі таңда ғылым дамып келеді, емдеу тәсілдері жетілдірілуде, жаңа дәрі-дәрмектер пайда болуда. Одан бөлек емдеу процесі үнемі алға жылжып жатыр», – деді Белград қаласы Әскери-медициналық академиясының гастроэнтерологы, Дино Тарабар (Сербия).

Оқи отырыңыз: Алматыда 2026 жылдың басынан бері үшінші үшем дүниеге келді