Отандық трансплантация: Жетісайда ер адамға туған қызы бүйрегін берді

25.06.2025 20:56

Бұл – өңірде соңғы екі жылда жасалған 30-шы трансплантация

Жетісайлық Қайырхан Ақмолдаевқа туған қызы бір бүйрегін берді. Бұл – өңірде соңғы екі жылда жасалған 30-шы трансплантация. Ота жергілікті дәрігерлердің қатысуымен өткен, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қайырхан Ақмолдаев тоғыз жыл бойы диализге тәуелді болып келді. Ауру бүйрекпен күн кешіп жүрген қамкөңіл әке бастапқыда қызының көмегінен бас тартыпты. Бірақ уақыт өте келе дерті асқынып бара жатқан соң, перзентінің ұсынысын қабылдауға мәжбүр болған.  

«Шетелге баруға жағдай көтерген жоқ. Лажы болса өзіңнің туысың болғаны жақсы деген соң осы қызыммен келістік. Қызым бүйрегімді беремін деп шешім қабылдады. Қызым Алматыда тұрады. Мұғалім болып істейді. Еңбек демалысына шығып, 16 күні берді», - деді Жетісай ауданының тұрғыны Қайырхан Ақмолдаев.

Ота Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында жасалды. Жергілікті мамандардың қатысуымен өткен операция сәтті аяқталған. Қазір науқастың жағдайы — тұрақты. Азамат ақ халатты жандардың күнделікті бақылауында.

«Екі жыл ішінде 30 бүйрек операциясы жасалды. Оның ішінде 1 мәйіттік, қалған 29-ы - туыстық. 1 науқасқа бауыр операциясын сәтті өткіздік», - деді облыстық клиникалық аурухананың басшысы Жанболат Ділдәбеков.

Айта кетейік, қазір елімізде бүйрек жеткіліксіздігі бірінші орында. Одан кейін жүрек пен бауыр және ұйқы безі. Жүректі қажет ететін науқастардың жағдайы тіптен ауыр. Бұл диагноз бойынша орташа есеппен жыл сайын 150 мен 300ден аса адам кезектен шығарылады екен. Ал дәрігерлер мәйіттік трансплантацияны кеңінен енгізсек, талай тағдырды құтқарып қалуға болар еді дейді.

Нұркен Әкімхан, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Дендросаябақтағы құрылыс: Шымкентте экобелсенділер дабыл қағып отыр