Отбасы апталығы: қиын жағдайға тап болғандарға қандай көмек көрсетіледі

12.09.2026 11:20

Отбасы апталығының алтыншы күні әлеуметтік қолдауға арналды

Depositphotos.com

Қазақстанда Отбасы күніне арналған апталық жалғасып жатыр. 7-13 қыркүйек аралығында өтетін апталық аясында әр күн отбасы өміріндегі маңызды тақырыптарға арналып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігінің хабарлауынша, 12 қыркүйекте апталықтың алтыншы күні қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек пен қолдау көрсету мәселесіне бағытталады.

Осыған орай еліміздің барлық өңірінде отбасыларға қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жеке және отбасылық бюджетті жоспарлау, әлеуметтік көмекті пайдалану және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы ақпарат беріледі.

Отбасыларға кеңес беру үшін мемлекеттік органдардың, Отбасын қолдау орталықтарының, әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдардың мамандары қатысатын арнайы алаңдар ұйымдастырылады.

Кездесулер барысында азаматтарға қиын жағдай туындаған кезде қайда жүгінуге болатыны, қандай әлеуметтік қызметтер мен қолдау түрлері бар екені түсіндіріледі.

Апталық аясында қайырымдылық акцияларын өткізу де жоспарланған.

Айта кетейік, Қазақстанда Отбасы күні қыркүйек айының екінші жексенбісінде атап өтіледі. Биыл мерекеге арналған апталық отбасы құндылықтарын нығайту, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, денсаулық, цифрлық қауіпсіздік және әлеуметтік қолдау сияқты маңызды тақырыптарды қамтып отыр.

Оқи отырыңыз: Алматыға халықаралық марафонға қатысу үшін 60-тан астам елден желаяқтар келеді

Толық көрсету