Отыз жылда үміт үзбедік: ақтөбелік отбасы жоғалған ұлын әлі күтіп жүр

29.07.2026 20:33

Руслан есімді жігіт 1999 жылдың көктемінде ғайып болып, одан бері мүлде хабарсыз кеткен

«30 жылға жуық уақыт өтсе де, үмітімізді үзбедік». Ақтөбелік отбасылық жұп 27 жыл бұрын жоғалып кеткен ұлын әлі күтіп жүр. Руслан есімді жігіт 1999 жылдың көктемінде ғайып болып, одан бері мүлде хабарсыз кеткен, деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі.

Сабыровтар отбасы 1999 жылдың 22 наурызында тағдырдың тәлкегіне түскен. Өйткені дәл сол күні ұлы жоғалған. Руслан есімді ер азамат үйінен шығып кетіп, қайта оралмапты. Сол уақытта 30 жаста болған жігіт шаңырақ көтеріп, жеке кәсібін де дөңгелете бастаған.

«Біз үйде болған жоқпыз, өйткені менің шешем ауырып, соған кетіп қалғанбыз. Балалар үйде қалды. Екі қыз бен өзі. Ал келіншегі шешесінің туған күніне кетіп қалыпты. Үлкен қызым базарға жіберген, содан жоқ», – деді Р. Сабыровтың анасы Алмаш Сабырова.

Одан соң жоғалған азаматтың жақындары іздестіру жұмыстарын бастаған. Полицияға хабар беріп, Русланды іздеу үшін республиканың өзге де өңірлеріне аттаныпты. Көріпкелдерге де барып, тірі екенін естіген. Ал полиция бұл істі 27 жыл өтсе де әлі жаппаған.

«Ақтөбе облыстық Полиция департаменті 1999 жылы жоғалған Сабыров Руслан Шамшадинұлын іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Азаматтың қайда екені әлі белгісіз», – деді ¤Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов.

. Құзырлы орган өкілдерінің сөзінше, Ақтөбе облысында жыл басынан бері адам жоғалу дерегіне қатысты 900-ге жуық арыз түскен. Олардың басым бөлігі табылыпты. Бірақ 3 адамды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Ал Русланның ата-анасы баласын аман-сау көреміз деген үмітін еш үзген емес.

 Гүлмарал Изатқызы, Наталья Лаврентьева, Әлихан Молдабек

Оқи отырыңыз: Ұйқыдан тұрмады: Қостанайдағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жасөспірім көз жұмды