Өз бетіңізше емделмеңіз: мамандар Алматыдағы маусымдық аллергияның қаупі туралы ескертті
Мегаполис ауасында аллерген мөлшері шекті межеден 6 есеге жуық артық
Алматыда жусан мен амброзия тозаңының концентрациясы нормадан бірнеше есе асып, қауіпті деңгейге жетті. Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр. Мегаполис ауасында аллерген мөлшері шекті межеден 6 есеге жуық артық. Шаң-тозаңның жоғары көрсеткіші әсіресе түнгі уақытта тіркеледі. Салдарынан таңертең мұрны бітеліп, көзі жасаурап, тоқтаусыз түшкірген қала тұрғындарының қарасы көбейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде халықтың бестен бірінен көбі аллергиялық дертке шалдыққан. Жылы маусым басталса, әсіресе Астана мен Алматыда бұл көрсеткіш күрт өседі. Мамандар мұны ірі қалалардағы ауа сапасы, көлік шығарындылары және табиғи аллергендердің көбеюімен байланыстырады. Қазір оңтүстік мегаполис аллергиктері үшін ауыр кезең жалғасуда. Кейінгі аптада ауадағы жусан тозаңының мөлшері шамадан тыс көбейген. Медициналық орталықтардың мониторингі бойынша, бір текше метр ауадағы тозаң мөлшері мыңнан асып, шекті деңгейден бірнеше есе жоғарылаған. Сондықтан терезесін ашық қалдырған тұрғындар таңертең түшкіру, мұрынның бітелуі, көздің қышуы мен қызаруы сияқты белгілермен оянады. Аллергиялық реакциялардың ең жиі кездесетін түрі — риноконъюнктивит, ол жағдайлардың 90–95 пайызында байқалады.
«Қазақстанда, әсіресе оңтүстік өңірлерде басты аллергендердің бірі — жусан. Елімізде жусанның 80-ге жуық түрі өседі, солардың 12-сі жан-жақты зерттелді. Бұл жұмыстар Алматыдағы Микробиология және инфекциялық аурулар ғылыми-зерттеу институтының аллергендер зертханасында жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде жусан тозаңына аллергияны анықтауға және емдеуге арналған препараттар әзірленді. Бұл өсімдік әдетте шілденің ортасынан бастап гүлдейді», – деді медицина ғылымдарының докторы Гауһар Құрманова.
Дүниежүзілік аллергия ұйымының дерегінше, жер бетінде халықтың 40 пайызға жуығы аллергиялық реакциядан зардап шегеді. Ал республикамызда бұл көрсеткіш 20 пайыздан асады. Дәрігерлерді әсіресе ауыр анафилаксиялық реакциялардың көбеюі алаңдатады. Оның ішінде дәрі-дәрмектен болатын асқынулар ерекше қауіпті.
«Сезондық аллергия уақтылы емделмесе, кейін бронхиальды астмаға ұласып кетуі мүмкін. Организмде жалпы иммуноглобулин Е мен эозинофильді катионды ақуыздар деңгейінің жоғарылауы сырқаттың өршуіне ықпал етеді. Сол себепті тұрғындар арасында шағымдар өте көп. Аллергиямен ауыратын науқастар кейде өз бетінше 6 айға немесе 1 жылға әсер ететін гормоналды препараттарды салдырып жатады, бұл мүлде дұрыс емес. Өйткені мұндай дәрілердің уақытша әсері болмаса, пайдасы шамалы», – деді №1 қалалық клиникалық аурухананың аллергологі Еңлік Артық.
Ауадағы тозаң құрамының 46,6 пайызын — жусан, 41,8 пайызын — амброзия, ал 5,7 пайызын алабота тұқымдастары құрайды. Мамандардың айтуынша, маусымдық аллергия кезеңі алғашқы тұрақты суық түскенге дейін жалғасуы мүмкін. Сондықтан әзірге сақтық шараларын қатаң сақтаған жөн. Аллергия белгілерін басу үшін дәрілерді, әсіресе гормоналды препараттарды өз бетінше қолдануға болмайды. Ал келесі маусымға алдын ала дайындалу үшін дәрігер-аллергологқа қаралған дұрыс.
Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: