Өз мүмкіндігіңізді асыра бағаламаңыз: Тауға шыққанда қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек

18.08.2026 18:30

Маршрутты электронды картада ғана емес, қағаз нұсқасында да сақтаған дұрыс

Almaty.tv

Демалысты тауда өткіземін деп жоспарласаңыз, қауіпсіздікке мән беріңіз. Өйткені ондағы кез келген бағыт қауіпті болуы мүмкін. Құтқарушылардың сөзінше, мамандарға мұндай мекенжайлардан тәулігіне 3-4 рет шақырту түседі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Оқыс оқиғалардың басым бөлігі азаматтардың өз мүмкіндігін асыра бағалауынан болады. Кей туристер гидпен бір рет барғаннан кейін жолды жақсы білемін деп ойлап, күрделірек бағыттарды өздігінен таңдауға кіріседі екен. Алайда маршрутты алдын ала зерттемейді, күннің бататын уақытын есепке алмайды. Сондықтан төтеншеліктер әсіресе, күрделі бағыттарға дайындықсыз бармауға кеңес береді. Мәселен, Медвежье шатқалында үш сарқырама бар. Кей учаскелерден өту үшін арнайы жабдық қажет. Ал Күмбелсу шатқалы жалпы алғанда өтуге қиын жер саналады. Сондай-ақ маршрутты электронды картада ғана емес, қағаз нұсқасында да сақтаған дұрыс.

«Мүмкіндік болса, геолокацияны жақындарыңызбен бөліскен дұрыс. Координаттар болған жағдайда іздестіру-құтқару жұмысының уақыты шамамен 2 есеге қысқаруы мүмкін. Мұнымен қоса, соңғы уақытта 14-16 жастағы балалардың тауға өз бетімен шығатын жағдайы жиілеген. Сондықтан ата-ана баласының қай бағытқа кеткенін, қашан қайтатынын біліп, онымен тұрақты байланыста болғаны дұрыс», – деді ҚР ТЖМ «Республикалық құтқару қызметі «Барыс» РММ құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Павел Воскобойников.

 Оқи отырыңыз: LOTUS FEST-2026: Атырау обылысына биыл 50 мыңнан аса қонақ келді

Толық көрсету