Өзгенің 45 млн теңгесін иемденіп кеткен күдікті Польшадан экстрадицияланды

10.05.2025 11:21

Қазіргі уақытта ұстау изоляторына қамаққа алынды

Almaty.tv

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Ішкі істер министрлігі және Сыртқы істер министрлігінің бірлесіп, аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматын Польшадан экстрадициялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ол 2023 жылы Польшадан екі жүк көлігін алып келуге уәде беріп, жәбірленушінің 45 миллион теңге көлеміндегі қаражатын иемденіп, өз міндеттемелерін орындамай, иемденген қаражатпен жасырынған деген күдікке ілінді», - делінген хабарламада.

Биылғы ақпанда ол Бодзентын қаласында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Отанына экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Оқи отырыңыз: Өндірушіден сатып алушыға дейін: Қазақстанда дәрілік заттарды таңбалау қалай жүзеге асады