Пәкістан мен Үндістанда жүрген қазақстандықтар эвакуациялана ма - СІМ жауабы

Екі елде де Қазақстан азаматтары бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Пәкістан мен Үндістанда жүрген қазақстандықтарды эвакуациялау күн тәртібінде тұрған жоқ. Бұл туралы Сенат кулуарында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, екі елде де Қазақстан азаматтары бар. Елшіліктің есебі бойынша Пәкістанда жүрген жерлестеріміз көбірек. Олардың бәрімен байланыс орнатылған екен. Өз сөзінде Ақан Рахметуллин «қазір ол жақта толыққанды әскери қимылдар жоқ, тек шекара маңындағы аумақтарға жеке шабуылдар жасалды» деді.  

«Егер қажеттілік болса, біз оны айтамыз. Біз қазір бұл мәселені қарап, зерттеп жатырмыз. Біздің елшіліктер Үндістанда, Исламабадта, Нью-Делиде бар, бәрі нақты қарап жатыр. Күні-түні, 24 сағат бізге баяндама жасап, қарастырып жатыр. Бірақ қазір ешқандай әуе кеңістігін жабатын да, біздің азаматтарды эвакуациялауға да ешқандай негіз жоқ», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары сондай-ақ АҚШ қазақстандық студенттердің визасын жойып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, еліміздің Вашингтондағы елшілігі ондай мәлімет бермеген. Ақан Рахметуллин Америкада заңды түрде білім алып жатқан жерлестерімізге алаңдауға, қорқуға еш негіз жоқ дейді. Студенттер өздерінің ректорларына, деканаттарына және шетелдік студенттермен жұмыс істейтін бөлімдерге жүгініп, оқуын жалғастыруы қажет деп кеңес берді.

Оқи отырыңыз: Алматының тарихи орындары мен зираттар туралы ақпарат жиналған қосымша іске қосылмақ

Новости партнеров