Пәтер кезекке тұрған нөміріне емес, жылына қарай беріледі - Азат Әшімов

06.04.2026 20:15

Петропавл қаласының әкімдігі тарапынан  әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін жалға берілетін 80 коммуналдық пәтер бөлінген

«Пәтеріме қол жеткізе алмай келем». Солтүстік Қазақстан облысында баспана кезегін күтіп жүрген Виктор Стрижнёв өткен жылы үйлі болам деп үміттенген. Алайда кезегінің реттік нөмірі өзгеріп кетті деген оймен Отбасы банкке жүгінген. Ал Отбасы банк өкілдері алаңдауға негіз жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Виктор Стрижнёв үй кезегіне 2011 жылы тіркелген. Айтуынша, бауыры екеуі былтыр үйлі болуы тиіс еді. Алайда жағдай өзгеріп, кезек 73-74 орынға кейін шегеріліп кеткен. Виктор - екі баланың әкесі. Қазір енді отбасымен пәтер жалдап тұруға мәжбүр.

«Қалада тұру өте қымбат, сондықтан аудан орталығына көшуге мәжбүр болдық. Екі балам бар. Қызым 9,  ұлым 5 жасқа толды. Қазір пәтер жалдап тұрамыз, қаржылай  қиын, әрине. Өзіміздің баспанамыз болғанын қалаймыз. Менімен интернатта бірге болған достарымның кейбірі үй алып үлгерді», деді облыс тұрғыны Виктор Стрижнёв.

«Отбасы банк» өкілдерінің айтуынша, бұған дейін тұрғын үй алғысы келетін азаматтар санат бойынша жеке-жеке тіркелетін. Ал жаңа заң мен тұрғын үй реформасы енгізілгеннен кейін кезекке кез келген азамат тұра алады. Сол себепті мұндай өзгерістердің болуы орынды. Сондықтан банк мамандары азаматтардың мәртебесі өзгермейтінін және кезек реттік нөмір бойынша емес, тұрған жылға байланысты берілетінін алға тартады.

«Виктор Олеговичтің мәселесіне келсек, ол қазір Қызылжар ауданында кезекте тұр. Алайда Петропавл қаласында кезекте тұрғысы келеді. Жетім балалар санаты үшін мұндай жағдайда ешқандай шектеу жоқ. Яғни, егер ол Петропавл қаласына көшетін болса, оның бастапқы кезекке тұрған күні 2011 жылдың 19 сәуірі толық сақталады», деді «Отбасы банк» АҚ басқарушы директоры Азат Әшімов.

Петропавл қаласының әкімдігі тарапынан  әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін жалға берілетін 80 коммуналдық пәтер бөлінген. Сонымен қатар үй алу үшін кезекте 18 мыңнан астам адам тұр, оның шамамен 2 мыңы - әлеуметтік осал санатқа жатады. Ал Виктордың мәселесі бақылауға алынды, мамандар оның алаңдауына негіз жоқ екенін айтып отыр.

Гүлмарал Изатқызы, Владислав Иващенко,  Солтүстік Қазақстан облысынан