Былтыр алматылық тұтынушыларға 215 млн теңгеден астам қаржы қайтарылған
Былтыр алматылық тұтынушыларға 215 млн теңгеден астам қаржы қайтарылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жылжымайтын мүлік аларда аса сақ болған абзал. Ақшаны мүлік иесіне аудармай тұрып нысанның өзін ғана емес құжаттарын да мұқият тексеру керек. Баспана болса, оның бас жоспарын, ғимараттың көлемін және банкте кепілде тұрған-тұрмағанын анықтау маңызды. Мамандар қағаздағы қатеден бөлек, бағаға да баса мән беру керек. Нарықтағы құнынан әлдеқайда арзан болса, оны сатып алуға асықпаған жөн.
«Қалай қорғануға болады? Ең бірінші мүлікті сатып жатқан адамның жағдайына қарау керек. Үнемі бір жерге асығып тұрса немесе қысымда тұрғанын сезсеңіз, бірден бас тартқан дұрыс. Бағасы тым төмен болған жағдайда да асықпау керек. Қол қойғанда да дірілдеп, сасқалақтаса, сақтаныңыз», – деді «Ұлттық тұтынушылар лигасы» РҚБ президентінің орынбасары Василий Романовский.
Жылжымайтын мүліктен бөлек, автокөлік алғанда да абай болыңыз. Себебі бір қателіктің салдарынан миллиондарыңыз желге ұшуы мүмкін. Автосалонда қол қоймас бұрын VIN-ді салыстырып, салонды, жүрілген қашықтығын тексеріп, құжаттағы мәліметпен сәкестендіру керек. Ал егер жүрілген көлік болса, тәуелсіз тексеру орталықтарына жүгінген дұрыс.
«Ешқашан бірінші ақшаны беруге асықпаңыз. Көліктің құжатын алғаннан кейін ғана есептесу керек. Кез келген автомобильді сервиске апарасыз. Көлікті қарайтын әр маманға бөлек жүгіну керек. Яғни моторды қараған адам шанақты қарамайды. Егер сатушының айтқан сөзі мен көліктің жағдайы сәйкес келмесе, ол темір тұлпарды алмағаныңыз жөн. Себебі байқамаған өзге де ақаулар шығуы мүмкін», – деді автосарапшы Алексей Алексеев.
Сарапшылар ескі көлік немесе ресми емес диллерлерден темір тұлпар алғанда құқықты қорғау өте қиын болатынын жасырмайды. Сондықтан мұндай жағдайда ақшаны бермес бұрын әбден тексеріп, білікті мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс.
Асыл Махметов, Аида Иманали, Ханкельды Ахметханов
Оқи отырыңыз: Алматыда Төле би көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі