Жалға алушы келісімшарт талаптарын бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатылмайды
Пәтерді жалға алушыдан қыстың көзі қырауда үйді босатуды талап етуге бола ма? Конституцияға өзгеріс енгізілгеннен кейін бұл мәселе баспанасын жалға беретін азаматтар арасында жиі талқылана бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Конституцияның жаңартылған нұсқасындағы 28-баптың 1-тармағына сәйкес, тұрғын үйден шығару тек сот шешімімен жүзеге асырылады. Жоғарғы сот өкілдері бұл норма меншік иесінің құқығын шектемейтінін, керісінше заңды мүддесін қорғауға кепілдік беретінін түсіндіреді. Демек жалға алушы келісімшарт талаптарын бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатылмайды. Сондықтан заңгерлер пәтерді жалға беру туралы шартта тараптардың міндеттемелерін барынша нақты көрсетуді ұсынады.
Атап айтқанда, жалдау ақысын төлемеу, коммуналдық берешек жинау немесе қоғамдық тәртіпті бұзу сияқты жағдайлар алдын ала ескерілуі тиіс.
«Біз учаскелік полиция қызметкерін шақырып, жалға алушыны өз бетімізше шығара алмаймыз. Мұндай жағдайлардың барлығы жалдау шартында нақты жазылуы керек. Егер келісімшартта тиісті талаптар көрсетілмесе, ал жалға алушы пәтерді босатудан бас тартып, ақысын төлемесе, меншік иесі сотқа жүгінуге мәжбүр. Тек сот шешімінен кейін ғана оны үйден шығаруға болады. Мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Қазір келісімшарттық қатынастарды реттеу талаптары күшейген. Сондықтан шартта бәрі нақты көрсетілсе, мәселені шешу де жеңілдейді», – деді құрылыс және реновация саласының сарапшысы Диляра Сейітнұрова.
Жылыту маусымы басталғанда жалға алушыны үйден шығаруға бола ма деген сауал да жиі қойылады. Алайда жеке баспанасын жалға беретін азаматтарға қатысты қыс мезгілінде үйден шығаруға жалпы тыйым салынбаған. Көпшілік айтып жүрген «қысқы мораторий» барлық жалға алушыға бірдей қолданылмайды.
«Бұл шектеу жеке баспанасын жалға беретін қарапайым азаматтарға қатысты емес. Ол негізінен банктер мен ірі ұйымдарға, ипотекалық немесе мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үй беретін мекемелерге қатысты. Кейде сот орындаушыларына орталықтандырылған түрде нұсқау беріліп, тіпті Әділет министрлігі тарапынан жылыту маусымында азаматтарды үйден шығармау, барлық көшіру істері бойынша атқарушылық өндірісті тоқтата тұру туралы хаттар жолданған жағдайлар болды. Мұндай жағдай екі-үш жыл бұрын да кездескен. Алайда заңда барлық жалға алушыны қыс бойы үйден шығаруға тыйым салатын норма жоқ», – деді заңгер Сергей Уткин.
Жалпы, пәтерді жалға беруге қатысты даулар сотқа сирек жетеді. Дегенмен іс қаралып, келісімшарт талаптарының бұзылғаны дәлелденсе, жалға алушыны үйден шығару туралы шешім қабылдануы мүмкін.
Гүлмарал Изатқызы, Елисея Томашевская
Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа метро бекетінің құрылысы жүріп жатқан аумақта көлік қозғалысының сызбасы өзгереді