Мәміле жасау үшін тиісті құжаттарды алдын ала дайындап алыңыз
Пәтеріңізді жылдам сатқыңыз келе ме? Сарапшылар мәміленің жылдам өтуіне не әсер ететінін және сатып алушы пәтеріңізді жай қарап қоймай, бірден сатып алуы үшін не істеуге болатынын айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Krisha.kz-ке сілтеме жасап.
Дұрыс баға қойыңыз
Сатып алушылар ең алдымен бағаға қарайды. Пәтер нарықтағы бағамен бірдей немесе сәл төмен болса, клиенттер бірден хабарласа бастайды.
— Баға тым жоғары да, тым төмен де болмауы керек. Әйтпесе адамдар күмәндануы мүмкін: «пәтерде бірдеңе дұрыс емес шығар» деген ой туады, — дейді Krisha. kz сауда бөлімінің жетекшісі Имран Османов.
Кеңес: егер орташа бағадан төмен болса, хабарландыруда неге арзан екенін түсіндіріңіз: мысалы, «Шұғыл сату», «Көшіп жатқандықтан сатып жатырмын» т. б. Сол кезде сенімсіздік азайып, адамдар қоңырау шала бастайды.
Хабарландыру көзге түсетіндей болсын
Бағасы жақсы болса да, пәтеріңіз басқа хабарландырулар арасында қалып қоймауы керек. Ол үшін арнайы жарнама қызметі бар, хабарландыру іздеу кезінде жоғары шығып, сатып алушыларды тартады.
Кеңес: хабарландыруды ақылы түрде жоғары шығарып, ТОП-та көрсетіңіз — бұл қаралым санын арттырып, тезірек сату мүмкіндігін көбейтеді.
Сапалы фото түсіріңіз
Пәтердің сапалы суреттері алғашқы әсер береді. Адамдар көзбен «сатып алады». Жарық мол түсетін уақытта фотоға түсіріп, жеке заттарды алып тастаңыз, үй ішін реттеңіз.
Барлық бөлмені түсіріңіз: асүй, санитарлық торап, жалпы жоспары, терезеден көрініс.
Кеңес: хабарландырудағы сипаттама да маңызды. Артықшылықтарын көрсетіңіз: қабат, терезеден көрініс, инфрақұрылым, жөндеу жұмыстары жасалған.
Ипотекаға қарсы болмаңыз
Бүгінде әрбір үшінші мәміле ипотека арқылы жасалады. Егер сіз ипотека арқылы сатқыңыз келмесе, сатып алушылар саны бірден азаяды.
Кеңес: егер пәтер ипотекаға жарамды болса (заңсыз қайта жоспарлау жоқ, құжаттары дұрыс, салынғанына 50 жылдан аспаса), бұл жайлы міндетті түрде хабарландыруда жазыңыз.
Әрдайым байланыста болыңыз
Хабарландыру керемет болса да, сатушы қоңырауға жауап бермесе, сату қиындауы мүмкін.
— Бұл қарапайым, бірақ көп жағдайда ескерусіз қалатын жағдай. Тиімді баға қойсаңыз, қоңырау көптеп түседі, соған дайын болыңыз. Әрбір жіберіп алған қоңырау — болашақ сатып алушы, — дейді Имран Османов.
Кеңес: қоңырауларға жылдам жауап беріп, пәтерді мүмкіндігінше кідірмей көрсетіңіз. Осылайша басқа сатушылардан бір қадам алға шығасыз. Әсіресе алғашқы күні сатып алушының қызығушылығы жоғары болады.
Клиентке көрсетуге дайындалыңыз
Сатып алушы пәтерді «дәл қазір» көргісі келеді. Кейінге қалдыру сатушы үшін тиімсіз, күтіп шаршаған сатып алушы басқа пәтерге кетіп қалуы мүмкін.
Кеңес: пәтерді кім, қай уақытта және қаншалықты тез көрсете алатынын алдын ала ойластырыңыз. Көрсетілім кестесін жасаңыз.
Пәтерді түске дейін, күндізгі уақытта көрсеткен дұрыс. Бұл кезде сатып алушылар сергек болады, ал бөлмелер күн сәулесімен жарықтанып, пәтер кең әрі жайлы көрінеді.
Бағаны түсіріп тастамаңыз
Сатып алушылар әрдайым саудаласуға тырысады, бағаны түсіруді сұрап, түрлі сұрақ қояды.
Кеңес: бағаны қаншаға дейін түсіруге дайын екеніңізді алдын ала шешіп алыңыз. Өзіңіз үшін шекті бағаны анықтаңыз да, сол деңгейден төменге түспеңіз. Сабырлы болыңыз, эмоцияға беріліп жауап бермеңіз.
Ең бастысы: пәтерді хабарландыруға бермес бұрын барлық құжатты реттеп алыңыз, бұл мәміленің тез әрі сәтті өтуіне көмектеседі.
Мәміле жасау үшін қажет құжаттар:
Бұл — сатып алу-сату, айырбас, сыйға беру, жекешелендіру шарты немесе мұрагерлік туралы куәлік және т. б.
eGov немесе eGov Mobile арқылы пәтерде ауыртпалық жоқ екені туралы анықтама алыңыз. Кейде мемлекеттік органдар айыппұл немесе коммуналдық қарыз үшін шектеу қоя алады. Мұның бәрін алдын ала тексеріп алыңыз.
Ондағы барлық мәлімет пәтердің нақты жағдайымен сәйкес болуға тиіс. Қайта жоспарлау жасалған болса, оны заңдастыру маңызды, әйтпесе пәтерді ипотека арқылы сату мүмкін болмайды.
Құжат жарамды болуы қажет. Егер жеке куәліктің мерзімі өтіп кетсе, нотариус мәмілені рәсімдей алмайды.
Оқи отырыңыз: Шымкентте зейнеткер пәтерін кепілге қойып, алаяқтарға 67 млн теңге берген