Парадқа Қазақстан Қарулы күштерінің 4 мыңнан аса әскери қызметкері қатысты

07.05.2025 12:27

Сондай-ақ арнайы 200-ден аса әскери қару-жарақ пен техника, 66 әскери авиация ұшағы мен тікұшақ әкелінген

Видеодан кадр

Жеңістің 80 жылдығына арналған парад майдангерлердің ерлігіне тағзым етуді, Тәуелсіз Қазақстан армиясының бүгінгі күш-айбынын көрсетуді көздейді, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Парадқа Қазақстан Қарулы күштерінің барлық түрінен 4 мыңнан аса әскери қызметкер қатысты. Сондай-ақ арнайы 200-ден аса әскери қару-жарақ пен техника, 66 әскери авиация ұшағы мен тікұшақ әкелінген.

«Алғаш рет механикаландырылған колонналардың сапын «Бук», «Тор» зенитті-ракета кешендері, «Барыс», «Алан», «Айбар», «Таймас», «Террекс» дөңгелекті ұрыс машиналары, минаны залалсыздандыратын роботтары бар арнаулы автокөліктер толықтырып отыр», - делінген Ақорда хабарламасында.

Сонымен қатар отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындары шығаруды жоспарлап отырған ұрыс машиналары, роботтандырылған қайық және ұшқышсыз басқарылатын ұшу қондырғылары таныстырылды.

«Әуе кеңістігінен А-400 әскери-көлік ұшағы, L-410 жолаушылар ұшағы және Би-300 патруль ұшағы ұшып өтті», - делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: Ұлы Жеңіс: 500-ден аса отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атағын алды