Парламент депутаттары каникулға шықты

30.06.2025 14:27

Депутаттар бір ай бойы өңірлерді аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдайды

Аlmaty.tv

Бүгін сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясының жұмысы аяқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Сессия жұмысын қорытындылаған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осы парламенттік маусымда депутаттар халықтың әлеуметтік көңіл күйіне әсер ететін өзекті мәселелерді шешу жайын назардан тыс қалдырмағанын атап өтті.

«Депутаттар заң мен тәртіп үстемдігін орнату бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл – жай ғана қатардағы ұстаным емес. Президент айтқандай, заң мен тәртіп – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Сессия бойы депутаттар осы бағдарды берік ұстанды.

Сессия басталарда Мемлекет басшысы өз Жолдауында алға қойған басты міндеттер біздің жұмысымызға серпін беріп, қарқын қосты. Ұлттық құрылтайда айтылған стратегиялық идеялар Парламент назарын қоғамның ең өзекті мәселелеріне аударды.

Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясындағы заңнамалық бастамалардың бәрін дерлік депутаттық корпус осы сессияда іске асырды. Үшінші сессия барысында Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтті. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болды, оның ішінде 89 заң қабылданды», - деді Ерлан Қошанов.

Айта кетерлігі, осы сессияда Парламент депутаттары 500-ден аса елдімекенге барып, азаматтармен 1200 кездесу өткізді. Онда көтерілген барлық мәселе Үкімет алдына қойылды.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті үшінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул туралы қаулы қабылдады.

Осылайша, депутаттар екі айлық каникулға кетті. Оның бір айында депутаттар өңірлерді аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдайды.

Оқи отырыңыз: Үкімет басшысы жаңа тағайындалған министрге бірқатар тапсырма берді