Өңірде қылмыстардың жалпы саны, соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар азайған
Павлодар облысындағы 51 ауылдық округтің дүкен иелері алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция ведомствосы қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv
Оның айтуынша, өңірде қылмыстардың жалпы саны, соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар азайған. Қоғамдық орындарда алкоголь ішкені және мас күйінде жүргені үшін жыл басынан бері 9 003 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал алкоголь өнімдерін сату талаптарын бұзған 440 кәсіпкер жазаланған.
– 51 ауылдық округтегі дүкен иелері алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартты. Олардың әрқайсысымен үшжақты меморандум жасалды, – деді Азамат Күркебаев.
Сондай-ақ өңірде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері осы бағытта 4 656 құқық бұзушылық анықталып, учаскелік полиция инспекторлары 3 674 қорғау нұсқамасын шығарған.
Бұдан бөлек, балаларды тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін 1 459 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ал түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүрген немесе ойын-сауық орындарында болған кәмелетке толмағандарға қатысты 2 737 адам жауапқа тартылды.
Оқи отырыңыз: Қазақстан сиыр еті экспортын 34,4 пайызға арттырды