Павлодар облысында табылған мәйіттерге қатысты істе тың ақпарат пайда болды

08.04.2026 16:01

Анықталғандай, мәйіт жатқан баспананың бірінде қарт әйел мен оның қызы және алты жасар бала бірге тұрып келген

Павлодар облысы Майқайың кентінен табылған мәйіттерге қатысты істе тың ақпарат белгілі болды. Полицейлердің мәліметінше, марқұмдардың денелерін қорлау фактісі бойынша екі әйел күдікке ілініп, қазір олар арнайы психиатриялық диспансерге жатқызылған, деп хабарлайды Almaty.tv

Естеріңізде болса, жантүршігерлік жағдай биыл ақпанда болған. Елдімекендегі қос бірдей көршілес үйден ер адам мен әйелдің сүйегі табылған. Тергеу деректеріне сәйкес, олардың бірі шамамен екі жыл бұрын, ал екіншісі бірнеше ай бұрын қайтыс болған.

Анықталғандай, мәйіт жатқан баспананың бірінде қарт әйел мен оның қызы және алты жасар бала бірге тұрып келген. Кейін әлеуметтік желілерде жеткіншектің мәйіттерді ұзақ сақтау үшін бал мен май жағып, өңдеуге көмектескені туралы ақпарат тараған. Аталған жағдай бойынша бірнеше бап бойынша іс қозғалды.

«Қазір қажетті тергеу амалдары, соның ішінде сот-психологиялық және психиатриялық сараптамалар жүргізіліп жатыр. Олардың қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Екі әйел де мамандандырылған психиатриялық диспансерде емделіп жатыр. Ал кәмелетке толмаған бала тексеруден кейін Екібастұз қаласындағы балаларға арналған мемлекеттік мекемеге орналастырылған», деді облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Белялова.

Оқи отырыңыз: СҚО-да 10 адамды кене шақты