Павлодар облысында ЖРВИ жұқтырғандар саны артты

06.10.2026 15:10

Өңірде 700-ден астам науқас тіркелді

Суық тию маусымы енді басталғанымен, Павлодар облысында қазірдің өзінде жедел респираторлық вирустық инфекцияның 700-ден астам жағдайы тіркелген. Ауырғандардың жартысынан көбі – балалар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Павлодар облысында жедел респираторлық вирустық инфекциялар маусымы 1 қазанда басталды. Осы уақыттан бері медицина мамандары ЖРВИ-дің 717 жағдайын тіркеген. Ауырғандардың 60 пайыздан астамы –14 жасқа дейінгі балалар. Оның ішінде бірге толмаған 117 сәби бар.

Айта кетейік, өткен жылдың осы кезеңінде аймақта 2 мыңнан астам жағдай тіркелген.

«Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес, эпидемиялық маусымның басталуына байланысты 1 қазаннан бастап медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлері үшін маска тағу режимі енгізілді. Тұмауға қарсы вакцинация науқаны да басталды. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы тұмаудың 57 жағдайы тіркелген. Алғашқы тұмау қазан айының соңында анықталған», – деді Павлодар облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова.

Тұмауға қарсы «Гриппол» вакцинасының алғашқы партиясы, яғни, 20 мың дозасы өңірге 2 қазанда жеткізілді. Қазірдің өзінде халықтың 10 пайыздан астамы екпе салдырған. Дәрігерлер вакцинация тұмаудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін азайтуға көмектесетінін еске салады. Дегенмен екпе салдырған күннің өзінде қарапайым профилактикалық шараларды ұмытпау қажет. Олар – қолды жиі жуу, бөлмені желдету және алғашқы белгілер байқалған кезде дер кезінде медициналық көмекке жүгіну.

«Гриппол» вакцинасы Ресейде өндірілген. Біз осы вакцинаны көп жылдан бері қолданып келеміз. Екпе алты айлық балаларға, мектеп жасына дейінгі балаларға, мектеп оқушыларына, жасөспірімдерге және ересектерге жүргізіледі. Сондай-ақ диспансерлік есепте тұрған, қанайналым жүйесі аурулары, қант диабеті және бронх-өкпе жүйесі аурулары бар азаматтар да вакцинация алуы тиіс», – деді жеке емхана бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Сәрсенова.

Айта кетейін, қыркүйек айының басынан бері елімізде ЖРВИ-дің 492 мыңға жуық жағдайы тіркелген. Сонымен қатар Астанада және Маңғыстау облысында А типті тұмаудың төрт жағдайы анықталды. Вакцинация жүргізу үшін республика бойынша 2 миллионнан астам доза вакцина сатып алынды. Алғашқы болып Алматы, Шымкент қалаларының, сондай-ақ Алматы, Түркістан облыстары мен Жетісу облысының тұрғындары екпе алған.

Гүлмарал Изатқызы, Әсия Серікова, Павлодар

Оқи отырыңыз: Бір жасқа дейінгі балаларды вакцинациялау не үшін маңызды

 

 

 

 

 

 

Толық көрсету