Павлодарда полицейлер тиын жұтып қойған сәбидің өмірін құтқарып қалды

04.10.2025 15:49

Осындай жағдайлардың бірі 27 қыркүйекте болған

Аlmaty.tv

Тәртіп сақшылары дер кезінде қол ұшын созды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Қызметтік міндеттерін атқару барысында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, қиын жағдайға тап болған азаматтарға да жиі қол ұшын береді. Кейде дөңгелек ауыстыру, көліктегі ақауға көмектесу жағдайлары болса, басқа оқиғаларда дер кезінде көрсетілген көмек адам өмірін сақтап қалуға себеп болады.

Осындай жағдайлардың бірі 27 қыркүйекте болған. Алайда бұл туралы полиция басшылығы тек балақайдың ата-анасы алғысхат жазып, қарапайым полицейлерге ризашылығын білдіргенде ғана білген.

005 экипажының құрамында полиция капитандары Арыстанбаб Сағидолла мен Сүйіндік Рахметов өз учаскесінде патрульдеу кезінде оларға абыржыған жүргізуші келіп, бір жасар ұлына шұғыл көмек қажет екенін айтады. Полицейлер еш кідірместен арнайы сигнал қосып, «жасыл дәліз» жасап, ата-ананы баласымен бірге Павлодар қаласындағы ауруханаға жеткізеді. Дәрігерлердің уақытылы көмегінің арқасында сәбидің өмірін сақтап қалу мүмкін болды.

Белгілі болғандай, сәби тиын жұтып қойған. Қорқып кеткен ата-ана Павлодарға жолға шыққанымен, уақыт жоғалтпау үшін кезекшілікте тұрған полицейлерге жүгінген.

– Бізді қиын сәтте жалғыз қалдырмай, жол ашып берген полицейлерге алғысымыз шексіз. Олардың жедел әрекетінің арқасында жолға кететін уақыт екі есеге қысқарды. Әр секунд санаулы еді. Балақайымыз дер кезінде көмек алды, қазір оның өміріне де, денсаулығына да ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, – деп жазды баланың анасы Ақмарал Серікбаева.

Ведомство өкілдері «Қызмет барысында әртүрлі жағдайлар болады, кейде полицияның көмегі ауадай қажет болады. Әр қызметкер әрқашан көмекке дайын» деп атап өтті.

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында биыл бес кесене қайта жаңғыртылады